Семейде алаяқтықпен айналысқан Ресей азаматы ұсталды. 22 жастағы жігіт шаһардан пәтер жалдап, оны байланыс орталығына айналдырған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Көрші елдің азаматы қалаға телефон алаяқтығымен айналысу үшін арнайы келген. Ол тұрғындарға қоңырау шалып, өзін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырып, талайды тақырға отырғызған. Жалдамалы пәтерін тінткен кезде 281 SIM карта, екі ұялы телефон және арнайы құрылғы тәркіленді.
Қазір күдікті абақтыға қамалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оның телефон арқылы қанша қаржы ұрлағаны да анықталып жатыр.
"Ұялы байланыстан абоненттің құрылғысының сәйкестендіру кодын, абонентті сәйкестендіру құрылғысын заңсыз өзгерту және абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгерту үшін бағдарлама жасау, пайдалану, тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктінің әрекетінен зардап шеккен адамдар анықталып жатыр", - дейді Абай облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Дәулет Ақылбеков.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!