• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Семейде оқушы соққыға жығылған оқиға: министрлік мәлімдеме жасады

Семейде оқушы соққыға жығылған оқиға: министрлік мәлімдеме жасады
Фото: Видео кадры

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Семейдегі оқушының оқиғасынан кейін мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Комитет мәліметінше, кейінгі кезде БАҚ пен әлеуметтік желілерде Семейде жасөспірімдер кәмелетке толмаған балаға күш көрсеткені түсірілген видео тарап жүр.

"Бұл жағдайды одан әрі ушықтырмау және балаға қосымша моральдық зиян келтірмеу үшін бұл бейнематериалды таратуды тоқтатуға шақырамыз. Кейбір блогерлер зардап шеккен баланың суреттерін жариялап жатыр. Мұндай әрекеттер баланың психологиялық жарақатын тереңдете түседі", - деп жазылған хабарламада.

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл жағдайды алғашқы күннен бастап қатаң бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

"Кінәлілер жауапкершілікке тартылды. Оқиға орнында Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл жұмыс істеп жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Абай облысының полициясы жоғары сынып оқушылары 6-сынып оқушысын соққыға жыққан оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті.

Кейінірек Семейде комиссия мектеп оқушысын жасөспірімдер соққыға жыққан оқиға бойынша шешім шығарды.

"Комиссия нәтижелері бойынша оқиғаға қатысушыларды уақытша оқшаулау жағдайында түзету және психологтармен жұмыс істеу мақсатында девиантты мінез-құлықтағы балаларға арналған мамандандырылған мектепке жіберу ұсынылды. Комиссия үш ата-ананы ата-ана құқығынан айыру және бір өкілдің екі балаға қамқоршылығын тоқтату туралы ұсыныс жасады", - деп жазылған хабарламада.

Бұл іске қатысты материалдар сотқа жіберілген, соңғы шешім сотта қабылданады. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі сот жасөспірімдер мамандандырылған мекемеде болатын мерзімді анықтап, ата-ана құқығынан айыру туралы түпкілікті қаулы шығарады.

Сондай-ақ, қазақстандықтар соққыға жығылған оқушының отбасына 24 млн теңге жинап берді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget