Семейде оқушы оннан аса пышақ жарақатын алған

Семейде оннан аса пышақ жарақатын алған оқушы аман қалды. Ауыр жараланған жасөспірім ауруханада жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, 13 жастағы екі сыныптас бір-бірін пышақтап тастаған. Оқиға 10 қыркүйекте болған. Олар 9-сыныпта оқиды.

Қазір біреуі үйінде емделіп жатса, енді біреуі жансақтау бөлімінен шығарылған. 13 жастағы екі оқушы күреске бірге қатысқан, дос та болған. Оқиғаға нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз.

"Дәрігердің бізге айтуы бойынша 10-15 шақты жерден пышақтаған. Біз арқасында ғана деп ойладық. Ойнауға барамыз деп шақырғанан кейін ойында ештеңе жоқ, бірге еріп барған. Ондай жағдай болатынын өзі де білмеген. Аяқ асты болды", - дейді оқушының әпкесі.

Қазір баланың беті бері қарағанымен, алған жарақаты ауыр.

"Төрт сағат бойы ота жасалды. Қазір баланың жағдайы тұрақты және балалар хирургиясы бөлімшесіне ауыстырылды", - деді Семей медицина университеті госпиталінің педиатрия жөніндегі директорының орынбасары Дулат Кәрімов.

Қазір полиция соталды тергеп-тексеру жүргізіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!