Семейде мұғалім оқушыны зорлағаны үшін өмір бойына сотталды

Семейде мұғалім оқушыны зорлағаны үшін өмір бойына сотталды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Абай облысында оқушы зорланған іс бойынша сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта кәмелетке толмаған адамды зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды. Процесс жабық режимде өтті.

Бұл іс туралы не белгілі?

2024 жылы қарашада Семей полициясы мектеп оқушысының анасының арызы бойынша тергеуді бастады. Кәмелетке толмаған адамға қатысты жыныстық сипаттағы заңсыз әрекеттер дерегі бойынша соталды тергеу басталды.

Күдікті Семей қаласының 32 жастағы тұрғыны болып шықты. Білім бөлімі мәліметінше, ол 2022 жылдан бастап қала мектептерінің бірінде алғашқы әскери дайындық мұғалімі болып жұмыс істеген.

Сот отырысы

Соттың баспасөз қызметі мәліметіне сүйенсек, қылмыс 2024 жылы шілдеде жасалған. Ол кезде айыпталушы 32 жаста болған, жәбірленуші 14 жасқа толмаған. Тергеу мәліметтері бойынша қылмыс көлік салонында жасалған.

Қылмыстық іс ҚК-нің 120-бабының 4-бөлігі "14 жасқа толмаған кәмелетке толмағанды зорлау" бойынша қаралған.

Прокурор айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Бұл талаппен жәбірленушінің заңды өкілі мен адвокаты келісті. Айыпталушы мен оның қорғаушысы ақтауды сұрады.

"Сотталушының кінәсі сот жан-жақты зерттеген іс материалдарымен расталды", - деді сот төрағасы Нияз Хасенбаев.

Сот үкімімен мұғалім кінәлі деп танылды. Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды, оған қоса педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты кез келген лауазымды атқаруға тыйым салынды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget