Семейде қоқыс жәшігінен жаңа туған нәресте табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Абай облысының Полиция департаменті өкілі мән-жайды айтты. 3 ақпанда Әуезов полиция бөлімінің кезекші бөліміне Семей қаласында қоқыс контейнерінен сүлгіге оралған жаңа туған нәрестенің мәйіті табылғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел тергеу тобы барған.
"Алғашқы іс-шаралар барысында үй жағдайында босанған 20 жастағы қыз анықталды. Оның айтуынша, нәресте тіршілік белгілерінсіз туған. Сондай-ақ, соталды тергеу барысында нәрестенің мәйітін контейнерге тастаған қала тұрғыны анықталды", - деп жазылған хабарламада.
Бұл дерек бойынша соталды тергеу басталды.
"Нәрестенің мәйіті сараптамаға жіберілді, оның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданып, оқиғаға қатысы бар екі адамның әрекетіне құқықтық баға беріледі", - деді өңір полициясы.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысы Кентау қаласында жаңа туған нәрестенің денесі табылып, бұл дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова