Семейде жұрт қоғамдық көлік санын арттыруды талап етуде. Олардың айтуынша, атқамінерлер бұл мәселені шеше алмай отыр. Соның салдарынан жұрт аялдамаларда автобусты сағаттап күтуге мәжбүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Еріксіз такси ұстаймыз. Таксидің өзі базарға дейін 700-1000 теңге алады. Егер көлік жақсы жүрсе, 80 теңгеге жетуші едік. Біз сияқты зейнеткерлерге өте қиын. Көліктің жүргені өте нашар. Әкімдік, автопарк осы мәселені мықтап қолға алса, риза болушы едік", - дейді тұрғын Сәуле Есембаева.
Қазір шаһарда қоғамдық көлік санының аздығынан такси құны аспандап кеткен. Ара қашықтығы екі-үш аялдаманың өзіне жүргізушілер мың теңгесіз қозғалмайтын көрінеді. Өйткені күнделікті бағытқа шығатын автобустар бірен-саран. Ал мамандар қалада күнделікті 325 автобус жолаушы тасымалымен айналысатынын айтады. Олардың қызмет сапасын жақсарту үшін биыл 5 млрд теңге субсидия бөлінген екен. Дегенмен қоғамдық көлікте жүргізушілердің жетіспеушілігі қолбайлау болып тұр, дейді.
"Мұндай мәселелер бар — қоғамдық көліктің бағытқа аз шығуы немесе мүлдем болмауы. Оның бәрі автобус жүргізушілерінің жетіспеуінен туындап отыр. Қазір, мысалы, жүз жүргізуші жетіспейді. Тапшылықтың орнын толтыруды қарастырып жатырмыз. Алдағы уақытта шешімін табамыз", - дейді Семей жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Аман Жоламанов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!