Семейде жаңажылдық шыршаны безендірген мұғалім биіктен құлады

Семейде жаңажылдық шыршаны безендірген мұғалім биіктен құлады
Фото: depositphotos.com

Семейде жаңажылдық шыршаны безендіру кезінде мұғалім зардап шекті. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министр Facebook-парақшасында Қазақстан заңнамасын сақтау қажетін айтты.

"Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және әріптесіміздің осы іс барысында жарақат алуы - заңбұзушылықтың айқын көрінісі. Педагогтарды кәсіби міндеттеріне жатпайтын мұндай жұмыстарға тарту - "Педагог мәртебесі туралы" заңды өрескел бұзу деп санаймын. Бұл оқиғаға байланысты облыс басшылығы әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізіп, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктердің қайталануына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдайды деп үміттенемін", - деді ол. 

Сондай-ақ министр Мемлекет басшысы педагогтардың қоғамдағы рөліне ерекше мән беріп, олардың құқықтарының "Педагог мәртебесі туралы" заң аясында қатаң сақталуын әрдайым назарда ұстап келетінін айты.

"Осы орайда білім басқармалары мен бөлім басшыларына заң талаптарын қатаң орындауға ерекше назар аударуды ескертемін. Қуат Айтқалиевтің отбасына шынайы қолдау білдіре отырып, оның тезірек сауығуын тілеймін", - деді ол.

Қазір оған барлық қажет медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бұл жағдай ерекше бақылауға алынды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек