- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Семейде интернет алаяқтарына...
Семейде интернет алаяқтарына алданғандар құзырлы органнан көмек сұрайды
Семейде интернет алаяқтарына алданғандар әділдік іздеп жүр. Несиеге белшесінен батқанның басым бөлігі мұғалімдер мен зейнеткерлер. Олардың айтуынша, құзырлы органдар алаяқтарды іздеуге құлық танытпай отыр. Тіпті кейбірінің қолында алдады деген азаматтардың суреті де бар екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі KTK телеарнасына сілтеме жасап.
Интернет алаяқтарына жем болғандардың бірі - Нәзира Берікболова. Үржар ауданындағы мектептердің бірінде мұғалім болып істейді. Оның айтуынша, белгісіз азамат қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырыпты. Артынша, ол атына несие рәсімделіп жатқанын жеткізген. Ал оны жою үшін ұялы телефоннан арнайы бір бағдарламаны көшіруін сұраған. Осылай арам ойын жүзеге асырған алаяқтар 9 млн теңгені қалтасына басқан.
"4-5 млн теңге кредит сұрағанмын. Бірақ маған сіздің айлығыңызға ешқандай кредит шықпайды деді. Содан сәуір айында осындай жағдайға түсіп отырмын. Маған 9 млн. теңге алаяқтықпен аударған. Қалайша менің кішкентай айлығыммен маған 9 млн. теңге іліп тастайды? Бір мезетте төрт банк, микроқаржы ұйымы", дейді Нәзира Берікболова.
Алаяқтардың арбауына түскендердің көбі мұғалімдер мен зейнеткерлер. Аудандарда тұратын қараша әділдік іздеп Семейде сабылып жүр. Себебі әр қайсына 5 және 9 млн теңге аралығында қарыз қамыты киілген. Алайда олар тергеу ісі сыйырқұйымшақтанып кеткенін айтып зар қағады. Тіпті кейбірінің қолында ақша шешкен азаматтардың фотосы да бар.
"Алматыдан шешілген. Міне, фотосы бар. Мекенжайы да тұр. Сотқа екі рет жүгіндім. Сот шешімін өздеріне шығарып отыр. Бұл адамды неге іздемейді? Неге заң жүзінде жауапкершілік жоқ?! Ал тәртіп сақшылары интернет алаяқтарын қолға түсіру қиын екенін жеткізді. Себебі киберқылмыскерлер көбінесе арам пиғылдарын өзге елде отырып жүзеге асырады екен", дейді Аягөз ауданының тұрғыны Эльмира Садықова.
"Жыл басынан бері 345 интернет алаяқтығы тіркелді. Оның 62-сі сотқа жолданды. Егер дроппер анықталған жағдайда, жәбірленушілердің қаражаты сол арқылы қайтарылады. Қазір интернет алаяқтары іздестіріліп жатыр", дейді Абай облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Әсет Егеубаев.
Тіркелген деректер бойынша интернет алаяқтары жәбірленушілерден 120 млн теңгені қалтаға басқан. Тек оның бес жарым миллионы ғана қайтарылды. Енді, алаяқтардың құрығына ілініп, есепшоттары бұғатталғандар құзырлы органдардан көмек сұрайды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина