Семейде ХҚКО-ның 18 қызметкері ұсталды

Семейде халыққа қызмет көрсету орталығының 18 қызметкері ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап. 

Телеарна мәліметінше, олар жүргізуші куәлігін емтихансыз сатып, "оңай олжаға" айналдырған. Ондаған азамат оқымай-ақ жүргізуші құқығына ие болған.

Тергеу дерегіне сүйенсек, заңсыз қызмет құны 200 мыңнан 500 мың теңгеге дейін жеткен. Ақша төлеген азаматтарға теориялық сынақтан өту үшін арнайы құрылғылар беріліп, практикалық емтихан мүлде тапсырылмаған.

Қазір заңсыз жүргізуші куәлігін алған 30 адамнан жауап алынып, олардың құжаттарын жарамсыз деп тану мәселесі қарастырылып жатыр. Негізгі күдікті қамауға алынса, қалғандары ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған.

"Заңсыз алынған жүргізуші куәліктерінің күшін жою мәселесі қылмыстық істі сотта қарау нәтижелері бойынша және сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін заңнамада белгіленген тәртіппен шешіледі", - деді облыстық прокуратура басқарма бастығының орынбасары Асхат Орақбаев.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!