Семейде Ертіс өзенінің үстімен өтетін ескі көпір апат жағдайында тұр. Өткелдің бетон бағаналары үгітіліп, саңылаулар пайда бола бастаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Ескі көпір осыдан жарты ғасыр бұрын салынған. Тұрғындардың сөзінше, әбден тозып, апат жағдайында құлайын деп тұр. Сондықтан әлеуметтік желіде бұл көпірмен жүру қауіпті деген ақпарат та тарай бастады.
Алайда шенеуніктер "алаңдауға негіз жоқ" деп отыр. Өйткені көпірдің астындағы құрылғылары ауа райына байланысты қозғалып тұрады екен. Сондықтан көктем мезгілінде сетінеп, саңылау пайда болуы қалыпты жағдай көрінеді. Дегенмен сараптама жүргізіп, қауіпсіздік үшін салмағы екі тоннадан асатын көліктер жүруіне тыйым салған. Сондай-ақ, қаланың сол жақ жағалауынан келетін көлік қозғалысына да шектеу қойылған.
"Сараптама қорытындысына сәйкес Семей қаласының әкімдігі мен жол полициясы бірлесіп, көпірдегі жүктемені азайту мақсатында жолағын шектеу шешілді және көпірде рұқсат етілген ең жоғарғы масса белгіленді. Сондықтан қазір көпірдің жағдайы эксплуатацияға жарамды", - деді Абай облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асхат Есеев.
Еске салайық, 11 наурызда Абай облысының жаңа әкімі Берік Уәли Президентке есеп берді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!