30 қазанда Семейде облыстық сот ғимаратының алдында ер адам өзін-өзі өртемек болған деген болжам бар. Кейін марқұм шетелдік болғаны және қылмыстық істердің бірінде жәбірленуші ретінде танылғаны анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыстық соттың хабарлауынша, 2020 жылы марқұмның компаниясы лизингтік компаниямен бес жүк көлігін сатып алу туралы келісімшарт жасасқан. Алайда көліктердің ақшасын толық төлемеген.
"2024 жылы лизингтік компанияның атынан әрекет еткен айыпталушы сот шешімін күтпестен төрт жүк көлігі мен олардың қосалқы бөлшектерін алып кеткен. Оның бұл әрекеті заңсыз өз бетінше билік ету, яғни озбырлық деп танылды", – деп түсіндірді соттың баспасөз қызметі.
Сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 389-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Алайда қылмыстық жауапқа тарту мерзімі өтіп кеткендіктен, ол жауапкершіліктен босатылды.
Ал жүк көліктерінің ақысы толық төленбегендіктен, бұған дейін сатып алу туралы келісімшарттар бұзылған. Осыны ескерген сот техниканы заңды иесіне, яғни лизингтік компанияға қайтару туралы шешім қабылдады.
"Жәбірленуші жоғалған құрал-саймандар мен қосалқы бөлшектер үшін, сондай-ақ бесінші жүк көлігін жөндеуге кеткен шығынды өтеу мақсатында 19,9 миллион теңге талап етіп, азаматтық талап арыз берді", – деп хабарлады сот өкілдері.
Алайда жәбірленуші жоғалған заттардың өзіне тиесілі екенін және нақты қанша шығын келгенін жеткілікті дәлелдей алмаған. Сондықтан сот оның талап арызын қараусыз қалдырды.
Сонымен қатар, оған келтірілген шығынды өндіріп алу үшін азаматтық сотқа бөлек жүгінуге болатыны түсіндірілді.
"Сот шешімі іс барысында қаралған дәлелдер негізінде, заң талаптарына сай қабылданды", – деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.
Бұған дейін Семейдегі облыстық сот ғимаратының алдында ер адам қаза тапқаны хабарланған еді.
Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сүйенсек, ол үстіне жанғыш сұйықтық құйып, өзін өртеген болуы мүмкін.
Кейін полиция оқиғаға қатысты пікір берді.
"30 қазанда сағат 17:00 шамасында Семей қаласында ер адам өзін өртеді деген болжам бар. Салдарынан ол қайтыс болды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр", – деп хабарлады полиция.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!