Семейде тұтас бір көшені кәріз суы басып қалды. Қала әкімдігі қазір су басқан көше мен жеке аулалардағы жағдайдың қалай екенін және апат неден болғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Су басқан Би Боранбай көшесіндегі апатты жою жұмыстары түні бойы жалғасты. Су басқан көшеден 2800 текше метр су шығарылды.
"Семей көшелерінің бірінде Д-1000 миллиметр құбыр кәріз дюкері бітеліп қалды. Апат болған сәттен бастап коммунал қызметтер автомобиль жолы мен жеке тұрғын үй секторының бойын үйіндімен бекіту жұмыстарын бастады, сондай-ақ жеке сектордың аула аумақтарына кірген суды сорып шығару жұмыстарын жүргізді", - деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі өкілдері.
200 метр қашықтықта кәріз коллекторының 6 үстіңгі тақтайшасы ашылды, бірақ әзірге бітелген немесе сынған жері табылған жоқ. Кәріз коллекторларының тақталарын ашу жұмыстары жалғасып жатыр.
"Жеке үйлердің аумақтарын су басу қаупі жоқ. Жағдай қала әкімдігінің толық бақылауында", - деп хабарлады Семей әкімдігі өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!