Абай облысында болған қайғылы оқиғаларға байланысты Семей қаласының жұртшылығы "Би-2" тобының концертін кейінге қалдыру туралы өтініш білдірген болатын. Алайда бүгінгі күні бұл үлкен мәселеге айналып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Концерттен бас тартқан әкімдік емес. Концерт болатын аренаның басшылығы осындай шешім қабылдады. Қазір арена ұйымдастырушылармен концертті кейінге қалдыру туралы келіссөздер жүргізіп жатыр", - делінген еді әкімдік хабарламасында.
Әкімдік "Арена" өкілдері 19 маусымда Семейдегі концертті ұйымдастырушыларға жолдаған хаттың көшірмесін берді. Артынша облыстық мәслихаттың депутаты Эльзира Жүнісова әлеуметтік желіге жазба жариялады.
"Кеше біз орман өрті кезінде соңғы қаза тапқандарды жер қойнына тапсырғанбыз. Бұл туралы жазу өте өкінішті. Бірақ апта бойы, адамдардың қайтыс болғандармен қалай қоштасқанын, қазаның ауыртпалығын отбасымен бөліскенін естиміз. Күні кеше біздің Семей қаласына "Би-2" тобы келетінін және барлық жиналған қаражатты зардап шеккендерге көмек ретінде аударуға ниетті деген ақпаратты көрдім. Бұл әрине, игі іс, бірақ концерт екі күннен кейін болады! Менің ойымша, бұл қаза тапқандар мен қайғы жұтып отырғандар үшін дұрыс болмайды. Бүкіл елде аза тұту жарияланғанына 10 күн де өткен жоқ. Сондықтан қазір концерт өткізетін уақыт емес. Жерлестерімізден кенет айырылып қалатынымызды білмей, ұйымдастырушылар мен билет алып қойғандар бізді түсінеді деп ойлаймын. Жақыныңды жоғалтудың, күйзелістің, азаптың қайғысы әлі басылмады. Уақыты келеді, мерекелік шаралар қайта жалғасады", - делінген жазбада.
Алайда қазіргі таңда "Би-2" тобы Семейге ұшып келді. Концертті ұйымдастырушылар ешқандай хат алмағанын айтуда.
"Қазіргі уақытта біз монтаждау жұмыстарын жүргізіп және концертке дайындалып жатырмыз. Егер келіссөздің күші жойылған болса, қала басшылығы барлық міндеттемелерді өз мойнына алып, әртістердің алдында және барлық шығындар үшін түсініктеме беріп, қатаң дәлелдер келтіруі керек. Концерт ертең, бірақ бізге ешкім ескертпеді, қоңырау шалмады, ешкім хат жібермеді. Әртістер Семейге орналасты", - деді турдың ұйымдастырушысы Ольга Ли.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!