Семейде балалар ойнап жүріп көлікті өртеп жіберген (видео)

Семейде балалар ойнап жүріп көлікті өртеп жіберген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

15 шілдеде 352-кварталдағы тұрғын үй ауласында көлік өртенген. Тұрғын үй маңында тұрған көлік жанып жатқаны туралы хабар төтенше жағдайлар қызметіне сағат 18:05-те түскен. Оқиғаның себептерін анықтау барысында полицейлер жақын маңдағы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеген.

Нәтижесінде өрт шықпас бұрын көліктің маңында кәмелетке толмаған үш бала болғаны анықталған. Алдын ала мәлімет бойынша олардың бірі сіріңкемен көліктің жанындағы құрғақ шөпті тұтатқан.

"Жалын тез тарала бастағанын көрген балалар оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл дерек кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінен алынған түсініктемелер барысында да расталды. Оқиғаға қатысы бар 6 жастағы баланың ата-анасы көлік иесіне келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндетті болады", - деді Абай облысы ПД өкілі.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!