Семейде зорлық-зомбылық көрген оқушыға қазақстандықтар жаңа пәтер алып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жергілікті блогер Аида Жүнісова бұл туралы әлеуметтік желіде видео жариялады.
“Кілтті алдық, енді оның өз шаңырағы бар. Барлық қол ұшын созған қазақстандықтарға алғыс білдіреміз”, – деп жазды ол.
Сондай-ақ қазақстандықтар семейлік оқушыға көмектесу үшін 35 миллион теңге жинап, осы қаражатқа жаңа пәтер сатып алынғанын айтты.
Оқиғаның мән-жайы
Еске салайық, Семей қаласында 2025 жылдың ақпан айында орын алған оқиға қоғамның назарын аударды. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада бір топ жасөспірімнің 6-сынып оқушысын аяусыз ұрып-соғып, қорлағаны көрінеді. Кадрларда олар баланы теуіп, басынан ұрып, үстіне секіріп, күліп, оны бетке ұруға шақырған дауыстар естіледі. Бұл әрекеттерге ұл балалармен қатар қыз балалар да қатысқан.
Абай облысының полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғап, оқиғаға қатысушылардың барлығын анықтап, оларды ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізді. Жасөспірімдерді есепке қойып, олардың мінез-құлқын кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия қарастырады. Жәбірленуші арнайы орталықта мамандардың бақылауында, психологтар мен бала құқықтары жөніндегі уәкіл оған қажетті қолдау көрсетіп, оқиғадан кейінгі эмоционалдық әсерлерді жеңуге көмектесуде. Білікті мамандар жасөспірімнің психологиялық жағдайын қалпына келтіру үшін жұмыс жүргізіп жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет