Ертіс өзенінде қайғылы жағдай болды. 8 жастағы баланы өзен ағысы алып кетіп, құтқарушылар оның сүйегін тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ-ке сілтеме жасап.
Оқиға 24 шілдеде Семейдегі Педагогикалық институт маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша 2018 жылы туған бала анасының жанында су жағасында жүрген. Ойын кезінде оны өзен ағысы алып кеткен.
Оқиға орнына Семей қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы мен Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының қызметкерлері дереу жеткен.
"Іздеу-құтқару жұмыстары барысында баланың сүйегі табылып, судан шығарылды. Құтқару жұмыстарына Семей қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы, Абай облысы ТЖД жедел құтқару жасағының мамандары жұмылдырылды", - деді Абай облысы ТЖД өкілдері.
Қайғылы жағдай суға түсуге тыйым салынған және арнайы жабдықталмаған жерде болған. ТЖД тұрғындарды судағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға, балаларды су жағасында қараусыз қалдырмауға және тек арнайы белгіленген орындарда шомылуға шақырды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!