Семейде комиссия мектеп оқушысын жасөспірімдер соққыға жыққан оқиға бойынша шешім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кеше кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтіп, 22 ақпанда болған жасөспірімдерге қатысты оқиға қаралған.
Полиция мәліметінше, құқықбұзушыларға қатысты соталды тергеу басталған.
"Комиссия нәтижелері бойынша оқиғаға қатысушыларды уақытша оқшаулау жағдайында түзету және психологтармен жұмыс істеу мақсатында девиантты мінез-құлықтағы балаларға арналған мамандандырылған мектепке жіберу ұсынылды. Комиссия үш ата-ананы ата-ана құқығынан айыру және бір өкілдің екі балаға қамқоршылығын тоқтату туралы ұсыныс жасады", - деп жазылған хабарламада.
Бұл іске қатысты материалдар сотқа жіберілген, соңғы шешім сотта қабылданады. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі сот жасөспірімдер мамандандырылған мекемеде болатын мерзімді анықтап, ата-ана құқығынан айыру туралы түпкілікті қаулы шығарады.
Бұған дейінгі оқиға
Абай облысының полициясы жоғары сынып оқушылары 6-сынып оқушысын соққыға жыққан оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады. Зардап шеккен баламен психолог жұмыс істеп жатыр. Бұл оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова