Қазақстан Республикасы Конституциясы күні қарсаңында Қарағайлы шағын ауданында пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов жаңа баспана иелерін құттықтады.
"Ең алдымен баршаңызды Қазақстан Республикасы Конституциясы күні меркесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін Семей қаласында көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар, бюджет саласының қызметкерлері және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар жаңа пәтерлердің иегерлері атанып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен соңғы жылдары Семей қаласында құрылыс қарқыны айтарлықтай артып, көптеген тұрғын үйлер бой көтеруде. Бүгін жалпы саны 237 пәтердің кілттері табысталды. Осы жылдың наурыз айында да Қарағайлы шағын ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 77 пәтердің кілті табысталған болатын. Сонымен қатар 2023 жылы кезекте тұрған 211 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді. Соңғы жылдары бұл әлеуметтік әділеттіліктің жарқын көрінісі және халқымыздың тұрмыс жағдайын жақсарту жолындағы игі қадам" - деді Нұрбол Нұрсағатов.
Қарағайлы шағын ауданның орналасуы және дамып келе жатқан инфрақұрылымы айрықша артықшылық болып табылады.
"Бұрын біз саяжайда тұрдық, үйіміз тар болды, балаларды мектепке 2,5 шақырым жерге алып бару керек еді. Бұл – біздің отбасымыз үшін көптен күткен және қуанышты оқиға, - деді пәтер кілтін алушы алты баланың әкесі Дәурен.
Салтанатты шара мерекелік концертпен аяқталып, ауданның кішкентай тұрғындарына аниматорлармен көңілді би кеші ұйымдастырылды.
Осы уақытта жаңа пәтер иелері қуанышпен жаңа үйлерімен танысып, әрқайсысы жаңа өмірдің бастауын атап өтті.
Абай облысының әкімдігі ұсынған материал
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!