Мәжіліс депутаты Нұртай Сабилянов денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа депутаттық сауал жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың айтуынша, Абай облысы бойынша медициналық қызмет көрсетуге байланысты коэффициенттерді өзгерту қажет.
"Облыстағы жылыту коэффициенті - (1,0005), Шығыс-Қазақстан (1,0065) және Солтүстік Қазақстан (1,0079), Қарағанды (1,0063) облыстарына қарағанда төмен. Бұл облыстың климаттық жағдайына қарай ауруханаларды толық жылумен қамтамасыз етуге кері әсерін тигізеді. Семей полигонынан зардап шеккен облыстағы аудандардың экологиялық коэффициенттері басқа экологиялық аймақтарға жататын өңірлермен салыстырғанда төмен. Мысалы, Абай облысының қалалары мен аудандарындағы экологиялық коэффициенттер Шығыс Қазақстан облысының аудандары мен Қызылорда облысының Арал ауданындағы, Байқоңыр қаласындағы экологиялық коэффициенттерден төмен. Бұл облыстағы медицина қызметкерлеріне тиісті үстемақы алуға мүмкіндік бермейді. Екіншіден, азаматтар ауруханаларда электрон портал арқылы емделуі үшін кезекті, квотаны кемінде 1-2 ай күтеді. Ақпараттық жүйе дұрыс жұмыс істемейді. Семейдің тұрғындары емханаларда аптасына 1 рет қабылдайтынын жеткізді. Бұл халықтың уақытылы емделуіне кедергі тудырып жатыр. Бұл мәселені түбегейлі шешу қажет. Yшіншіден, жедел жәрдем қызметінде жан басына шаққандағы норматив қаржыландырудың Абай облысы бойынша базалық тарифінің мөлшерін аймақтағы орналасқан елді мекендердің арақашықтығын, аурулардың құрылымын, санын ескере отырып ұлғайту керек. Жедел жәрдем көліктері және санитарлық автокөліктер ескірген, оларды жаңарту және қызметкерлердің арнайы жұмыс киімін алуына тиісті қаражат бөлінуін қамтамасыз ету қажет. Төртіншіден, Семей ядролық полигонының салдарынан зардап шеккен азаматтың көпшілігінде тұрақты жұмыс орны жоқ. Олар міндетті медициналық сақтандыру жарналарын төлей алмағандықтан толық көлемде медициналық көмек ала алмай отыр. Бесіншіден, облыстағы перинатальдық орталықтың кредиторлық борыш көлемі көбейіп жатыр, оның ғимараты ескірген, және көп жыл бойы күрделі жөндеу жүргізілмеген", - деді депутат.
Сондай-ақ, ол Семейдің ядролық медицина және онкология орталығына қосымша ғимарат салып, тиісті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету керегін айтты. Бұл тапсырманы орындау үшін "Аманат" партиясының сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтау жүйесін кезең-кезеңімен қаржыландыру қарастырылған ескертті.
"Осыған орай, Сізден: Абай облысы бойынша медициналық қызмет көрсетудің жылыту, экологиялық коэффициенттерін ұлғайту; жедел жәрдем қызметінде жан басына шаққандағы норматив қаржыландырудың Абай облысы бойынша базалық тарифінің мөлшерін ұлғайту, жедел жәрдем қызметін дамыту; перинатальдық орталыққа күрделі жөндеу жүргізу; ядролық медицина және онкология орталығына қосымша ғимарат салып, тиісті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету; Семей ядролық полигоны сынақтарының салдарынан зардап шеккен азаматтарға, облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін қарастыруыңызды сұраймын", - деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!