Семей тұрғыны спиртке су араластырып, танымал брендтің ішімдігі деп сатқан

ҚМА Абай облысы бойынша департаменті заңсыз алкоголь өнімдерін өндіретін жасырын цехтың қызметін әшкереледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тергеу амалдарына сүйенсек, Семей қаласының тұрғыны тиісті лицензиясыз алкоголь өндірісін ұйымдастырған. Гараждарда спиртті сумен араластыру арқылы алкоголь дайындалып, кейін танымал брендтердің атауымен шыны бөтелкелерге құйылған.

Өнімге заңды сипат беру үшін алдын ала қолдан жасалған есепке алу-бақылау маркалары пайдаланылған.

"Тінту барысында заңсыз айналымнан 12 мыңнан аса бөтелке алкоголь, 8 мыңнан аса бос бөтелке, 10 мың литрден аса спирті бар сұйықтық, жалған маркалар, сондай-ақ, өндіру және буып-түю жабдықтары тәркіленді", - деп жазылған хабарламада.

Сот санкциясымен цех орналасқан жекеменшік үйге, сондай-ақ, өнімді тасымалдауға пайдаланылған үш көлікке тыйым салынды.

Ұйымдастырушыға елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасып жатыр.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!