Семей тұрғыны қысы-жазы өзі салған сақ шатырында тұрады

Семей тұрғыны қысы-жазы өзі салған сақ шатырында тұрады

Семей тұрғыны Серәлі Мұхамедсалықов қысы-жазы өз қолымен салған сақ шатырында тұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өзі әнші, өзі этнограф, өзі ақын, өзі шаңқобызшы Серәлі Мұхамедсалықов ерекше үлгідегі сақ шатырын тұрғызуға бір жылдай уақытын жұмсапты.

"Әр адамның өз әлемі болады. Менің әлемім - сақ дәуірі. Үлкен үйім орталықта болса да, өзім осы шатырда тұрамын. Өйткені сақ бабаларымыздың қатты аязда, қатты ыстықта қалай тұрғанын жан дүниеммен сезінгім келді", - дейді ол.

Серәлі Мұхамедсалықовтың айтуынша, сақтар өз заманында мұндай шатырдың 50 шақтысын қатар тіккен. Ел көсемі соның біреуінде ғана отырған. Қалғаны аңдыған жауын адастыру үшін құрылған.

 

"Менің сақ шатырымның миссиясы бөлек. Бұл жерді көргісі келетін қонақ өте көп. Мақсатым - туристерді тарту, табыс табу емес, алтын киім киіп, алтын ыдыспен ас ішкен сақ бабаларымыздың тарихы мен танымын жұртқа таныстыру. Арманым мұндай шатыр еліміздегі кез келген мектептің, елшіліктердің, мешіттердің алдында тұрса деймін. Басқа мемлекеттер өз құндылықтарын солай көрсетеді", - дейді ол.

Шатырдың сырты да, іші де сақ заманын көз алдыңа елестетеді. Қарудың, аң терісінің, таңбалардың, музыкалық аспаптың түр-түрі көздің жауын алады. Адамға музейге кіргендей әсер береді. Серәлі Мұхамедсалықов сақ шатырын көруге келген қонақтарға тегін қызмет көрсетеді. Ол тарихтан сыр шертіп қана қоймай, әртүрлі музыкалық аспаптармен меймандарын тәнті етеді.

Айбын Алтай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы