- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Семей полигонының жабылуына...
Семей полигонының жабылуына 25 жыл толуына орай Курчатовта әлем ғалымдары бас қосты
Биыл Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Семей сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойғанына 25 жыл толып отыр. Осыған орай Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталығында «Семей сынақ полигоны. Радиациялық мұра және даму перспективасы» атты VII халықаралық конференция өтті.
ға әлемнің 16 елінен жетекші ғалымдар мен мамандар қатысты, оның ішінде Ресей, АҚШ, Жапония, Қытай, Беларусь елдерінің атом саласының өкілдері бар. Ғалымдар үш күнге созылған конференцияда ядролық сынақтар мен апаттар орнын қоса алғанда түрлі радиациялық-қауіпті нысандардың радиоэкологиялық жай-күйінің мәселелерін, өнеркәсіптегі және медицинадағы радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ғылыми жолдарын қарастырды. Форумның ашылу салтанатында Курчатов қаласының әкімі Нұрбол Нұрғалиев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ конференцияға қатысушыларға үндеуін оқып берді.
- Семей полигоны 40 жыл бойы елге қауіп-қатер әкеліп, жарылыстар ұзақ уақыт бойы өтті,-деді ҰЯО бас директоры Эрлан Батырбеков өз баяндамасында,- ең бірінші қолға алынып, әлі күнге дейін маңызын жоймай келе жатқан жобаның бірі - ядролық атом қаруын таратпау және мүлде қолданбау. Орталық ғалымдары жұмыстарын осы қағидаға орай жалғастыра беретін болады.
Полигон Мемлекет басшысының Жарлығымен жабылғаннан кейін Семей сынақ полигоны кешенінің, Қазақстан аумағында орналасқан тиісті ғылыми ұйымдар мен нысандардың базасында Ұлттық ядролық орталық құрылды. Орталықта атом энергетикасы, радиоэкология саласындағы аса күрделі жаңа міндеттер шешіле бастады. Осы жылдары ҰЯО мамандары халықаралық әріптестерімен бірлесіп, ядролық сынақтар өткізу инфрақұрылымын жою бойынша көптеген күрделі проблемаларды шешті. Ядролық қару сынақтарының залалдарын жоюға арналған қыруар жұмыстар атқарылды, республикада атом энергетикасын дамыту үшін ғылыми-техникалық, технологиялық, кадрлық база құрылды.
Елде бейбіт атом дамып, шетелдік әріптестермен қарым-қатынастар дами бастады. Қазақстан-Жапон ынтымақтастығының атом энергетикасы саласындағы бірлескен бағдарламалар бойынша атомдық-энергетикалық реактор қондырғыларының қауіпсіздігіне орай жоғары температурада газбен салқындатылатын реакторлар технологияларын дамытумен қатар, басқа да күрделі тәжірибелік зерттеулер жүзеге асты. Ынтымақтастық нәтижесінде атом энергетикасының қауіпсіздігі саласындағы ғылыми зерттеулер базасы жетілдіріліп, жаңа қондырғылар мен құрылғылар әзірленді, күрделі ізденістер жүргізу тәжірибесі бар білікті ғылыми және техникалық кадрлар саны артты. Атом саласы мен ғылымдағы кадрлық әлеуетті сақтау және дамыту мәселелеріне айрықша көңіл бөлініп отыр. Әртүрлі бағдарламалар аясында тағлымдамалар мен курстар ұйымдастырылып, семинарлар өткізілуде.
Курчатовтағы «КТМ токамагы» жобасының іске асырылуы барысына тоқталған Э.Батырбеков жұмысты 2017 жылы аяқтау көзделіп отырғанын жеткізді. Бұл – материалтану саласынағы міндеттерді шешуге арналған әлемдегі жалғыз «токамак» екендігін айта кеткен жөн. Жобаны аяқтауды Э.Батырбеков Қазақстанда «ЭКСПО-2017 – Болашақтың энергиясы» атты халықаралық көрменің өткізілуімен байланыстырды. «Менің ойымша, болашақтың энергиясы – термоядролық синтез», - дейді ол. ҰЯО-ның бас директоры жүргізіліп жатқан жұмыстың Елбасы айтқан және «Әлем. ХXІ ғасыр» манифесінде жазылған бейбіт саясатқа саятындығын атап көрсетті. «Ғылым басқа мақсатқа қызмет етпеуі тиіс. Бейбіт бағытта болуы шарт», - деді ол. Мемлекетіміздің бейбіт саясатын тілге тиек ете келе, ҰЯО бас директоры Қазақстан аумағында төмен байытылған уран банкін құру бастамасын алға тартты.
Конференцияда түрлі елдерден келген ғалымдар «Радиоактивті ластанған аумақтарды оңалту және жерлерді шаруашылық айналымына беру», «Ядролық сынақтар жүргізілген жерлердегі қазіргі радиоэкологиялық ахуал, оның даму қарқыны мен болжамы», «Түрлі экожүйелердегі радионуклидтердің жылыстау ерекшелігі», «Экологиялық зерттеулердегі радиоаналитикалық әдістер» тақырыбында баяндамалар жасады. Сондай-ақ, конференцияда "Бұрынғы Семей сынақ полигонын қауіпсіз күйге келтіру бойынша ғылыми-техникалық және инженерлік жұмыстар кешенін жүргізу" атты 3 томдық монографиялық кітаптың тұсауы кесілді. Мұнда полигон жабылғаннан бергі 25 жылда атқарылған жұмыстар туралы кеңінен жазылған.
Раушан Нұғманбекова
Дереккөз: didar-gazeti.kz