Абай облысындағы тасжолда жол талғамайтын көлік пен микроавтобус соқтығысып, салдарынан үш адам қаза тауып, тағы үшеуі ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға 25 тамызда сағат 03:30 шамасында болған. Абай облыстық полиция басқармасының мәліметінше, Семей-Өскемен жолында Toyota Land Cruiser мен Nissan Elgrand көлігі соқтығысқан.
Апат салдарынан бір жүргізуші мен екі жолаушы қаза тапты. Зардап шеккен үш адам түрлі жарақат алып, медициналық мекемеге жатқызылды.
Ведомство сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Тиісті сараптамалар да тағайындалды. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Қаза тапқандардың туыстары Tengrinews.kz тілшісіне хабарласып, оқиғаның мән-жайын айтып берді. Марқұмдардың бірінің ұлының сөзінше олар Өскемендегі мерекелік шарадан қайтып келе жатқан.
"Анау көлік қарсы жолаққа шығып кетіп, тура соққан. Әкем, ағам мен жеңгем оқиға орнында қаза тапты. Анам мен жиенім қазір ауыр халде, Өскемендегі ауруханада жатыр", - деді Роллан Мұқанов.
Ол Астанада тұратынын, қаралы хабарды естіген бойда бірден Өскеменге ұшып келгенін айтты.
"Апаттан қайтыс болған әкем – Абай облысына танымал дәрігер, кардиолог, керемет адам және біраз адамға көмегі тиген. Немере бауырларым жетім қалды. Өлгендерді бізге ешкім тірілтіп бере алмайды. Барлығы заң бойынша шешіліп, кінәлі әділ жазасын алғанын қалаймыз", - деді Мұқанов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!