Абай облысындағы "Семей орманы" резерватында орман өрті сөндіріліп жатыр, бұл жұмысқа авиация тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Резерват мәліметінше, өрт 16 шілдеде сағат 9:45-те Бородулиха филиалы Камышенка орман шаруашылығының 57-кварталында тіркелген.
"Өртті сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің жеті қызметкері, автоцистерна, шағын өрт сөндіру кешені, трактор, сондай-ақ, "Қазавиаорманқорғау" РМҚК-ның әуе кемесі жұмылдырылды", - деп жазылған Экология министрлігі хабарламасында.
Оқиға орнына қосымша күштер, соның ішінде екі автоцистерна, екі трактор, тағы бір өрт сөндіру кешені, ТЖД-ның 30 қызметкері мен сегіз техникасы, сондай-ақ, мемлекеттік орман күзетінің 11 қызметкері жіберілген.
Сонымен қатар, Бөкебай ауылынан авиациялық өртке қарсы қызмет десантшылары мінген, Bambi Bucket су төгу құрылғысымен жабдықталған AS350 тікұшағы ұшып шықты. Қатонқарағай ауылынан "Қазавиаорманқорғау" РМҚК-ның Ми-8 тікұшағы бағыт алды.
Еске салайық, 2023 жылы Абай облысындағы орман алқабындағы өрттен 14 орман шаруашылығы қызметкері қаза тапты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!