"Семей орманы" резерватының қызметкерлері шу шығарды. Олар басшылықтан еңбекақыны 70 пайызға көтеруді талап етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Олар орман шаруашылығының барлық қызметкерінің жалақысын көтеруге уәде берген еді. Алайда ол үстемақыны көрмедік. Қазір барлығы қымбат. Мардымсыз еңбекақымен қалай күн көреміз? Нағыз, қауіпке бас тігетіндердің ақшасы өспеген", - деді "Семей орманы" МОТР филиалының өрт сөндіру станциясының бастығы Таңатбек Мусин.
"Семей орманы" резерватының кеңсесіне жиналған қызметкерлер жұмыс істеуден жаппай бас тартты. Себебі алапат өрттен кейін, экология және табиғи ресурстар министрі олардың жалақысын көтеруді уәде еткен. Дегенмен 1 шілдеден бастап 70 пайыз үстемақы орманшылардың бәріне бірдей қосылмаған. Кейбір қызметкердің жалақысы әлі де 60-80 мың теңге. Әсіресе, трактор және өрт техникаларының жүргізушілері, байланыс операторлары, техникалық қызметкерлердің жалақысы мүлдем өспеген. Ал резерват басшылығы еңбекақы дауына қатысты есеп-қисап жүргізілетінін жеткізді.
"Қайта есептеу өте ұзақ уақыт алады. Өйткені ұжым өте үлкен. 1 300 қызметкер бар. Сондықтан есепшілер бәрін қайта есептейді. Үстемақы барлық қызметкерлерге төленеді. Шамамен дүйсенбі күні түсуі мүмкін", - дейді "Семей орманы" бас директорының міндетін атқарушы Әсемгүл Нысамбекова.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!