Семей көшелерін су басты: оқиға орнынан сурет-видеолар

Фото: Massaget.kz/Жадыра Серікбекова

Семейде еріген қар суы жолдарға жайылып, жаяу жүргіншілермен қатар, көлік қозғалысына үлкен кедергі келтіріп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Семейде күн күрт жылып, қар еріп, тұрғындарды әбігерге салып отыр. Шет жақтағы аудандардағы көшелер мен кейбір үйлердің аулаларын да су басқан. Тұрғындардың сөзінше, Щорс, Кирпичный, 3-ші Лодочная, Восточный және Подгорная кенттері, сондай-ақ, қаланың басқа бөліктерінде жүру мүкін болмай отыр. Тұрғындар балаларын қалай сабаққа жіберерлерін білмей дал.

"Күн жылынысымен Семей көшелері көлшіктерге айналып кеткендей әсер қалдырып отыр. Аялдамаға баратын осы - жалғыз жол. Қыс бойы қар күрейтін көлік шақырғанымызбен, біреуі де келген жоқ. Келгендерімен, мынандай ауыр қарды күрей алмаймыз деп кетіп қалды. Қалың қар еріп көлге айналды. Ал енді демалыс аяқталды, балаларымыз сабаққа қайтіп барады? Жылда осы жағдай қайталанады. Биыл ағын су да көп болып тұр", - дейді тұрғындар.

Ал әкімдік өкілдері "Су көтерілу қаупі бар басты көшелерді анықтап, тиісті жұмыстарды кестеге сай жүргізіп жатырмыз", - деді. Алайда көшені судан тазартуға жұмылдырылған күш екі күн бойы тазалап үлгермей жатыр.

Абай облысы ТЖД мәліметінше, Щорс, Кирпичный, 3-ші Лодочная, Восточный және Подгорная кенттері, сондай-ақ, қаланың басқа бөліктерінде су айдау жұмыстары жүргізілген. "Теплокомэнерго" МКҚК-мен бірлесіп инертті материал төселген.

Департамент қызметкерлері Красин, Садовая және Менжинский көшелеріндегі аулаларды тазартып жатыр. Арық жүйесін тазарту үшін ТЖМ 68303 Ә/Б күштері мен құралдары тартылған.

Қазір қала көшелерінен 1500 текше метрден аса су шығарылды. Жұмыстарға 60-тан аса адам және 20-дан аса техника жұмылдырылған.

Еске салайық, бұған дейін Төтенше жағдай министрлігі өкілдері қаладағы жағдай туралы айтты.

Жадыра Серікбекова

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz