Алматыда Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері сел қаупі бар учаскелерге тәулік бойы мониторинг жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақсай өзеніндегі жағдай
Ведомство мәліметінше, қаладағы гидрологиялық жағдай тұрақты. Өзендерде су деңгейі көтерілуі байқалмайды.
Алдын алу іс-шаралары аясында ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен Ақсай өзенінің қорғаныс бөгеті маңындағы арнасын нығайту, тазарту жұмыстары аяқталған. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде өзендегі су деңгейі айтарлықтай төмендеген.
Бүгін көлдер мен өзен бассейндеріне аэровизуалды тексеріс жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар, ТЖМ қызметкерлері Үлкен Алматы және Кіші Алматы өзендерінде үздіксіз мониторинг жүргізіп отыр.
"Жағдайды бақылау мақсатында мониторинг бекеттерінде Алматы қаласы ТЖД, Құтқару қызметі, "Барыс" республикалық жедел құтқару жасағы, ТЖМ "Қазселденқорғау" мекемесі және Полиция департаментінің 130-дан аса жеке құрамы, 20 техникасы жұмылдырылған. Жағдай ТЖМ-ның тұрақты бақылауында", - деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін не болды?
Еске салайық, 1 шілдеде Наурызбай ауданында су басу және сел жүру қаупіне байланысты тұрғындарды алдын ала эвакуациялау шарасы жарияланды.
Кейін әкімдік Алматы тұрғындарын үрейлендірген жағдайға қатысты мәлімдеме жасады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова