Сел жүруі мүмкін: 5 шілдеде ауа райы қандай болады?

Сел жүруі мүмкін: 5 шілдеде ауа райы қандай болады?
Фото: depositphotos.com

"Қазгидромет" синоптиктері 5 шілдеде Қазақстанның барлық өңірінде ауа райына байланысты ескерту жасады. Елдің бірқатар аймағында нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл және қатты аптап күтіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қарағанды облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз өңірдің солтүстігі мен шығысында қатты нөсер жауып, бұршақ түсуі мүмкін. Қарағандыда да жауын-шашын күтіледі.

Ақмола облысында қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болжанып отыр. Желдің екпіні кей жерлерде секундына 23 метрге дейін жетеді. Көкшетауда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

Солтүстік Қазақстан облысында қатты жаңбыр жауады, найзағай ойнап, бұршақ пен дауыл соғуы мүмкін. Түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі. Петропавлда жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі.

Қостанай облысының солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде найзағайлы жаңбыр жауады, кей жерлерде тұман түседі.

Абай облысында түнде және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде қатты нөсер, бұршақ және дауыл күтіледі. Желдің екпіні секундына 25 метрге дейін күшеюі мүмкін. Семейде таңертең және күндіз бұршақ жаууы ықтимал.

Шығыс Қазақстан облысында түнде және күндіз нөсер жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Желдің екпіні секундына 23 метрге дейін жетеді. Өскеменде күндіз найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін.

Павлодар облысында түнде және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың батысы мен оңтүстігінде қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл күтіледі. Павлодарда да ауа райы құбылады.

Алматы облысында түнде және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Әсіресе облыстың оңтүстігі мен таулы аймақтарында жауын-шашын күшейеді. Кей жерлерде қатты нөсер, бұршақ және дауыл болжанып отыр. Алматыда түнде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Қонаевта өткінші жаңбыр жауады.

Ең қауіпті жағдай Іле Алатауының таулы бөлігінде, соның ішінде Медеу және Бостандық аудандарында қалыптасуы мүмкін. Мұнда өте қатты жауын-шашын күтіледі. Соған байланысты сел жүру және су деңгейінің күрт көтерілу қаупі сақталып отыр.

Жетісу облысында түнде найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Жауын-шашын әсіресе таулы аймақтарда күшейеді. Алакөл көлдері маңында желдің екпіні секундына 30 метрге және одан да жоғары жылдамдыққа жетуі мүмкін.

Түркістан облысының солтүстігі мен таулы аймақтарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жауын-шашынға қарамастан, өңірде төтенше өрт қаупі сақталады.

Жамбыл облысының таулы аудандарында найзағай күтіледі. Желдің екпіні секундына 20 метрге дейін күшейеді.

Қызылорда облысында жауын-шашын көп болмайды. Алайда өңірде, әсіресе орталық бөлігінде, төтенше өрт қаупі сақталады.

Маңғыстау облысында синоптиктер қатты аптап болатынын ескертті. Ауа температурасы 38-39 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.

Атырау облысында күн 35-37 градусқа дейін ысиды, кей жерлерде найзағай ойнауы ықтимал.

Ақтөбе облысының солтүстік-батысында жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Ал оңтүстік-батысында ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі.

Батыс Қазақстан облысында күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы және желдің екпіні секундына 20 метрге дейін күшеюі мүмкін. Сонымен қатар өңірде 35 градус шамасындағы ыстық сақталады.

Елордада 5 шілде күні жаңбыр, найзағай және кей жерлерде бұршақ күтіледі. Жел секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget