Астанада рейдерлік іс-әрекеттің құрбаны болдым деген азамат көпқабатты ғимараттың шатырынан мемлекет басшысына үндеу жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мұрат Тасов есімді елордалық азамат әлеуметтік желідегі парақшасында президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Бас прокуратураға, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекке "әділетсіздіктің құрбаны болдым" деп видео үндеу жариялады.
Бейнеде ол өзінің құрылыс компаниясы тұрғызған, бірақ "қазіргі таңда заңсыз әрекеттер арқылы айырылып қалдым" деген көпқабатты ғимараттың төбесінде тұр. Үндеу иесі талаптары орындалмаған жағдайда биік ғимараттан секіріп кететінін айтқан.
"Менің есімім Мұрат Тасов. Мен осы Астана қаласындағы кішігірім құрылыс компаниясы, яғни "Ер-Тау" ЖШС-ын басқарған болатынмын. Дәл қазір осы құрылыс компаниясы салған нысанда тұрмын. Таң атпай нысанды тексеруге келді деп ойлап тұрған шығарсыздар. Өкінішке қарай, олай емес. Өз нысаныма өзім түнгі сағат 2-де ұрланып кіріп, осы видео хабарламаны жазуға мәжбүр болып тұрмын. Себебі осы Астана қаласының әкімдігінде жұмыс істейтін қызметкерлер, құзырлы органдар және прокуратурада жұмыс істейтін қызметкерлерден құралған қылмыстық топтың рейдерлік іс-әрекетінің кесірінен осы нысанды менен тартып алып отыр. Ешқандай тергеусіз, сотсыз, құжаттарымды тексермей, менің нысанымды алып қойып отыр", - дейді ол.
Мұрат Тасов айтып отырған "Ер-Тау" құрылыс компаниясы 2019 жылы тұрғын үй кешенінің құрылысын бастап, 2021 жылы қаңқасын тұрғызған. Содан кейін инвестор болуға ниет білдірген мердігер "Нұрлы Жол-К-2008" ЖШС компаниясымен алдын ала шарт жасасады. Бірақ бұл шарттың мақсаты тек мердігердің қарым-қабілетін тексеруді көздеп, оның техникалық базасын тексеруге мүмкіндік беретін болған. Сәйкесінше, мердігердің бұл шарттың аясында құрылыс жүргізуге немесе өзге де әрекеттер жасауға құқығы болмаған.
Дегенмен мердігер шарт талаптарын өрескел бұза отырып, әлі құрылысы аяқталмаған тұрғын үй кешенінің пәтерлерін үлескерлерге сатылымға шығарған. Сорақысы - бұл әрекеттерін "Ер-Тау" ЖШС құрылыс компаниясынан жасырын істеген. Заңсыз сатылымдар кездейсоқ әшкере болған.
Бұдан кейін компания мердігердің үстінен құқық қорғау органдарына бірнеше рет арыз түсіреді. Алайда еш нәтиже болмағандықтан, алдымен аудандық, кейін қалалық прокуратураға арыз жазады. Мұрат Тасовтың сөзінше, арыз-талабы қаралмай, ешқандай сот та, тергеу де болмаған.
Жәбірленуші бұған дейін де мемлекет басшысына желіде үндеу жолдағанын алға тартты. Алайда ешқандай әрекет болмаған.
"Осыдан 43 күн бұрын мен президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдаған едім. Бірақ ол видео ол кісіге жетпеген секілді. Менің басты талабым - құжаттарымды қабылдап, тергеп, тексеріп, заңды шешім қабылданса деймін. Ешкімге жаманшылық ойламаймын. Мен қылмыскер емеспін. Бірақ осы әрекет мені қылмысқа итермелеп тұр. Егер талабым орындалмаса, менің басқа амалым қалмады. Мына өмірден күдерімді үздім. Болмаса, осы жерден секіріп кетемін. Әрине, менің өлімім ештеңе шешпеуі де мүмкін. Бірақ осы видео қалады. Осыған жеткізген қылмыскерлер де осы видеоны көретін болар", - дейді Мұрат Тасов видеода.
Астана қаласының полиция департаменті жағдайдың бақылауға алынғанын мәлімдеді. Ресми түсініктемені алдағы уақытта беретіндерін айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!