Қазіргі таңда секонд-хенд дүкендеріне сұраныс көп. Оның дәлелін қаладағы осындай дүкендердің көптігінен байқауға болады. Әсіресе, жастар арасында секонд-хенд дүкендерінен киіну сәнге айналған. Massaget.kz тілшісі Алматыдағы бірнеше секонд-хенд дүкендерін аралап, бағасы мен сапасын салыстырды.
Киімдер қалай тазаланады?
Дүкенге кірген кезде бірден ауылдағы сандықтан шыққан ескі киімдердің иісі мүңкіп кетті. Бірақ әр затты жекелеп иіскегенімізде әдемі хош иісті сезіндік. Орталық көшелердің бірінде орналасқан секонд-хенд дүкеннің иесі Евгения бізді жылы қарсы алды. Бірден дүкен иесінен киімдер мен заттар дүкенге келгеннен кейін қалай тазаланатынын сұрадық.
"Дүкенге келген әр тауар бірден дезинфекция жасалып, тазаланады. Дегенмен кейбіреуінде белгілі бір иіс қалуы мүмкін. Мұны әркім өзі үшін тазалап алу керек. Шетелдік хош иістер қауіпсіз деп айтар едім. Жалпы иістен сабындап жуу, құрғақ күйінде немесе химиялық тазалау арқылы құтылуға болады", - деді дүкен иесі.
Оның айтуынша, өңделген киімдер мен заттар үшін дезинфекция сертификаты беріледі. Бұл кеденде тексеріледі. Әр дүкендегі сатушыдан немесе иесінен бұл сертификатты сұрауға болады. Бірақ алдымен иісіне қараған дұрыс.
Еуропада тегін, неге біз сатып аламыз?
Еуропада мұндай киімдер тегін таратылады. Қазақстанда мұндай киімдерге белгілі бір баға қойылады. Евгениядан "неге?" деген сұрағымызға жауап алдық.
"Біріншіден, шетелден келген тегін заттар Қазақстанға жеткенше тазаланып, сұрыпталып, тасымалданып, түрлі қызметтен өтеді. Мұның бәріне ақша төлеу керек. Жанармай бағасы құбылып тұрады. Сондықтан тауар да соғұрлым тасымалға байланысты қымбатқа түсуі мүмкін. Екіншіден, мұндай киімге сұраныс көп болғандықтан неге бизнес жасамасқа? Себебі қашан да құны бар зат бағаланады. Үшіншіден, бәсекелестік деуге де болады. Соғұрлым ерекше, жақсы, сапалы тауар әкелсең, тұтынушың да соны бағалайды. Ал мұның бәрі тағы да ақшаға келіп тіреледі", - деді Евгения Андреева.
Осы салада 15 жылдан бері қызмет етіп жүрген Евгения тауарды Европадан алдыратынын айтты. Себебі олар киімді брендтен алады әрі ұқыпты киеді.
"Жалпы киімдердің барлығын Европаның әр түрлі қалаларынан алдырамыз. Өзіміздің жауапты адамдарымыз бар. Қазақстандықтар мұнда киімдерін әкеліп өткізе алмайды. Себебі біз брендтік немесе сапалы материалдағы киімдерді қабылдаймыз. Ал мұндай тауарларды әр дүкен иесі түрліше бағалайды. Мәселен, алдымен салмағы бойынша бағаланады. Тұтынушы барлық сатып алатын заттарын бір жерге жинайды да, соны таразыға өлшейміз. Мысалы, сәнді киімнің 1 кг 4000 теңге, қарапайым киім 1 кг 1800 теңге деп алайық. Мұндай дүкеннен жібек немесе балаларға арналған киімдерді сатып алу тиімді болар еді. Ал кейбір дүкендер әр тауарға бөлек жапсырмамен бағасын қояды. Бұл да дүкен сатушысының өзінің қалауы дер едім. Біздің дүкенде екеуі де бар. Тұтынуышының өтінішін орындауға тырысамын. Бірақ, бағасын тым арзанға сұраса, түсіндіріп айтамын", - деді Евгения Андреева.
Секонд-хенд дүкенінің тұтынушылары кімдер?
Халық арасында "секонд-хендтен қаржылық жағдайы төмен жандар киінеді" деген стереотип бар. Бірақ, винтаж стиліндегі дүкен иесі Алинаның айтуынша, мұнда сәннен хабары бар жандар жиі бас сұғады.
"Дүкенге тұрғындар жиі келеді. Олармен әңгімелесу барысында байқайтыным, ерекше үлгіде киім іздейді. Соның көбісі жастар және жасы 50-ден асқан әжелер. Жаңа киімді қажеттілік үшін ғана сатып алады да, күнделікті немесе арнайы кештерге осы дүкеннен киім, аксессуарлар алады. Тіпті толық образ жасап киініп кететіндері де бар. Мен оларды қаржылық жағдайы төмен деп есептемеймін. Себебі бізде бөліп төлеу жоқ. Олар қолма-қол төлеп кетеді", - деді Алина Дирумова.
Шынымен, Алинаның дүкенінде бір белдемшенің өзі 9-10 мыңнан басталады. Ал заттар бұдан да қымбат. Мәселен, мына қойындәптер қолдан жасалғандықтан, өте қымбатқа бағаланған. Бағасы - 114 мың теңге.
Алғашқы келушілерге лайфхак
Алина мұндай стереотиптегі тұтынушылардың басқа да себептері болуы мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ, дүкенге алғаш келетіндер үшін арнайы лайфхакпен бөлісті.
- Жаңа өнімдердің келуін бақылау. Әр дүкен бір айда үш немесе төрт рет тауарларын жаңартып отырады. Тұрақты тұтынушылар мұны біледі. Сол үшін әр жаңалаған күні дүкенге келеді. Себебі бұл күні жеңілдіктер болады әрі стандартты өлшемдер тез өтіп кетуі мүмкін.
- Мұндай дүкендерден іш киім, купальник, аяқ киім сатып алуға кеңес бермес едім. Бұл жеке заттар боп саналады. Ал жап-жаңа жапсырмасымен әрі брендтік болса, алуға болады.
- Ескі, түрі нашар киімдерді сатып алуға кеңес бермеймін. Себебі мұндай киімдер сізге ерекшеліктен гөрі "жағдайыңыздың мүшкіл" екенін көрсетуі мүмкін. Өзіңіз үшін ең жақсысын асықпай іздеп табу керек.
- Мұндай дүкендерге нақты бір мақсатпен баруға кеңес бермес едім. Себебі сіз іздеген 39 өлшемді аяқ киім, 44 өлшемді түсі сары белдемше болмай қалуы мүмкін. Сондықтан, жай ғана жаныңыздың рахаты үшін бару керек.
- Ең бастысы - қолыңызға артық зат ұстамауға кеңес берер едім. Асықпай аралап, ештеңе алмасаңыз да сол сезімді сезініп қайтасыз, - деді Алина.
Секонд-хендтен киіну: экологияға әсері қандай?
Секонд-хенд дүкендерінен киіну тенденциясы бізге батыс елдерінен келді. Бұл дәстүр шетелдіктер үшін экологиялық мәдениет ретінде бағаланған. Себебі киім өндірісі табиғи ресурстарды көп шығындайды. Мәселен, тоқыма өндірісінен жыл сайын ауаға 1,2 млрд тонна көмірқышқыл газы тарайды. Ал мақтадан жасалған бір жейденің шикізатын дайындауға шамамен 3000 литрге жуық су керек.
Эколог Арман Жолшиевтың айтуынша, киім өндірісі салдарынан 2030 жылға қарай су тапшылығы мәселесіне тап болуы мүмкін.
"Әлем бойынша жылына киім өндірісіне 400 млрд су кетеді. БҰҰ-ның сарапшыларының пайымдауынша, Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан 2030 жылға қарай су тапшылығы мәселесіне тап болуы мүмкін. Судан бөлек, киімнің түсін бояуға арналған химикаттар да зиян. 1 литр бояғышты дайындау үшін 150-200 литр су кетеді, - дейді эколог.
"Дұрыс көзқарас қалыптастыру керек"
Студент Аида Шыныбаеваның айтуынша, секонд-хенд дүкендерінен киіну тенденциясына дұрыс көзқарас қалыптастыру керек.
"Үстімдегі бұл костюм ер адамдыкі болғанымен, әр түрлі стильде киінген кезде әдемі тұрады. Бұл киімнің материалы қатты ұнады. Бала күнімнен винтажды сән үлгісіне қызығамын. Ал мұнда осы стильдегі киімдерді таба аламын. Онда тұрған ештеңе жоқ", - деді ол.
Сондай-ақ, ол экологияның ластануына біз тұтынып жүрген өнімдердің әсері көп екенін айтты.
"Көп жағдайда экологияның ластануына өзіміз себепкерміз. Кез келген өнімді саналы түрде тұтынсақ, көп мәселе шешімін табар еді. Сол үшін секонд-хенд дүкендерінің қызметіне жүгінгенді дұрыс деп санаймын" дейді кейіпкеріміз.
Еске салайық, бұған дейін секонд-хэнд туралы жариялаған болатынбыз.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!