“Сегіз ер адам екі ай бойы қорлады“. Алматы облысында оқушы жантүршігерлік жайтты айтты

Әлеуметтік желіде Алматы облысында 15 жастағы мектеп оқушысына "жүйелі түрде зорлық-зомбылық жасалғаны" туралы ақпарат тарап жатыр. Жәбірленуші тараптың мәліметінше, қылмысқа сегіз адамның қатысы бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жәбірленушінің өкілдері жұртшылыққа үндеу жасап, жантүршігерлік мәліметті жариялады. Олардың айтуынша, 16-25 жас аралығындағы сегіз ер адам екі ай бойы 9-сынып оқушысын қорлап келген.

Мәліметке сүйенсек, қыз ата-анасынан айырылған, ағасының отбасымен бірге тұрады. Туыстарының айтуынша, мектеп оқушысын қорқытып келген күдіктілер - сол ауылдың тұрғындары. Олар түнде қоңырау шалып, бопсалау арқылы қызды үйінен шығуға мәжбүрлеген.

"Бұл ақпарат алдымен оқушылар арасында тараған. Мектеп директоры хабардар болған соң қызды шақырып алып, одан егжей-тегжейін білген. Алайда құқық қорғау органдарына дереу хабарласудың орнына директор бұл деректі жасырып, тек бесінші күні жәбірленушінің ағасына айтқан. Құқық қорғау органдарына арыз 16 наурызда берілген, бірақ осы уақытқа дейін 8 күдіктінің ешқайсы ұсталған жоқ, олардың арасында мектеп мұғалімдерінің балалары бар", - деп жазылған құқық қорғаушы Инга Иманбайдың мәлімдемесінде.

Жәбірленуші КТК журналистеріне күдіктілердің бірі оны бопсалағанын айтқан. Оның сөзінше, ер адам мектеп оқушысын туыстарына айтамын деп қорқытқан.

"Түнгі үш жарымда бір-екі рет маған телефон соқты. Біріншісінде алған жоқпын. Екіншісінде ағама айтамын дегені есіме түсті де, алдым. "Келіп тұрмын, шық" деді. Қорыққаннан шықтым. Маған тиісе бастады. Ернімнен сүйді, мойнымнан иіскеді, санымнан ұстады. Мен оны итердім. Ол айғайлап, бетімнен шапалақпен ұрып жіберді. Көліктің артына итеріп жіберді де, шалбарымды шешіп, өзінің шалбарын шешті..." - деді жәбірленуші КТК журналистеріне.

Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс 19 наурызда қозғалғанын хабарлады. Бұл іс Қылмыстық кодекстің 122-бабы бойынша сараланған.

"Жедел іздестіру шаралары барысында күдіктілер анықталды, олардың екеуі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалған күдіктілер бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Арнайы жедел тергеу тобы құрылды", - деді полиция.

Полиция департаменті басшылығы тергеуді ерекше бақылауына алған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!