Ақмола облысының прокуратурасы Щучинск қаласындағы Центр плова Loft дәмханасында абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
20 сәуірде арнайы прокурорлар автомобиль газ құю станциясының директорын, сондай-ақ, газ баллондарын жеткізушіні ұстаған. Олар баллондарды толтыру және жеткізу бойынша қызмет көрсету кезінде заңнама талаптарын бұзды деген күдікке ілініп отыр.
Күдіктілердің әрекеті Қылмыстық кодекстің 306-бабы 3-бөлігі бойынша сараланды. Бұл баптың санкциясында 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделеді.
"Күдіктілердің біріне сот санкциясымен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы, екіншісіне үйқамақ таңдалды. Соталды тергеу жалғасып жатыр. Түпкілікті шешімді сот қабылдайды", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, төтенше жағдай 26 ақпанда кешкі уақытта болған. Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйге тіркелген бір қабатты дәмханада газ ауа қоспасы жарылып, өрт шыққан. Бұған дейін оқиға салдарынан 7 адам қаза тапқаны, оның бірі 16 жастағы қыз екені хабарланды. Кейін қаза тапқандар саны он екіге жетті.
"Центр плова" дәмханасы жарылған сәт видеоға түсіп қалған.
Төтенше жағдай салдарынан 20-дан аса адам зардап шеккен. Сонымен қатар, Щучинсктегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!