Бурабай аудандық соты Щучинсктегі дәмханада болған қайғылы оқиғаға қатысты үкім шығарды. Оқиға салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам жарақат алған болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сотта не анықталды?
Айыпталушылар қатарында дәмхана иесі М., газ баллондарын жеткізген Д. және автогаз құю бекетінің директоры С. болған.
Сот мәліметінше, дәмхана иесі өрт қауіпсіздігі талаптарын бірнеше рет бұзған. Мекемеде жылыту радиаторлары жанында сақталған газ баллондары қолданылған. Сонымен қатар, қызметкерлер мен жауапты адамдар газ жабдықтарын пайдалану бойынша нұсқаулықтан өтпеген.
Газ баллондарын жеткізуші Д. газды сатуға және жеткізуге құқығы болмаса да, 2026 жылғы 25 ақпанда дәмханаға екі газ баллонын әкелген. Кейін оның бірі жарылған. Сот мәліметінше, баллонға рұқсат етілген мөлшерден артық газ толтырылған.
Тағы бір айыпталушы - АГҚС директоры С. Автогаз құю бекетінде тұрмыстық газ баллондары жүйелі түрде толтырылып келгені анықталған, бірақ мекемеде бұған қажет құжаттар, жабдықтар, өлшеу құралдары, оқыған қызметкерлер және басқа да міндетті шарттар болмаған.
Сот мәліметінше, жылыту радиаторы жанында тұрған лық толы газ баллоны қызып кеткен. Соның салдарынан ішкі қысым артып, баллон жарылып, өрт шыққан.
Сот үкімі
Сот үшеуін де кінәлі деп таныды. М. мен С.-ға жеті жылға, Д.-ға алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бұдан бөлек, сот 16 жәбірленушінің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап арызын ішінара қанағаттандырды.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Мән-жайы
Еске салайық, төтенше жағдай биыл 26 ақпанда кешкі уақытта болған еді. Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйге тіркелген бір қабатты дәмханада газ ауа қоспасы жарылып, өрт шықты. Бұған дейін оқиға салдарынан 7 адам қаза тапқаны, оның бірі 16 жастағы қыз екені хабарланды. Кейін қаза тапқандар саны он екіге жетті.
"Центр плова" дәмханасы жарылған сәт видеоға түсіп қалған.
Төтенше жағдай салдарынан көптеген адам зардап шеккен. Сонымен қатар, Щучинсктегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова