Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйге тіркелген бір қабатты дәмханада газ ауа қоспасы жарылып, өрт шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі қайғылы оқиға салдарынан алты қызметкер қаза тапқанын мәлімдеді. Қаза тапқан 16 жастағы қыз туралы ақпарат нақтыланып жатыр.
Әкімдік өкілдері оның кафеде жұмыс істеп-істемегені тексеріліп жатқанын айтты. Алдын ала мәлімет бойынша қыз анасымен бірге мекемеде болған, ал анасы осы жерде жұмыс істеген. Әкімдік өкілдері қыздың анасы аман екенін нақтылады.
Еске салайық, төтенше жағдай 26 ақпанда кешкі уақытта болған. Ақмола облысы әкімдігі мәліметінше, 7 адам қаза тапқан, оның бірі - 16 жастағы қыз.
"Центр плова" дәмханасы жарылған сәт видеоға түсіп қалған.
Кейінгі мәліметке сәйкес 28 адам зардап шеккен, 13 адам ауруханаға жатқызылған, сегізі медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілген.
Сонымен қатар, Щучинсктегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Куәгер Щучинсктегі трагедияның мән-жайын айтты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова