Щучинсктегі жарылыстан қаза тапқандардың жақындарына 2 млн теңге көлемінде көмек берілмек

Щучинсктегі жарылыстан қаза тапқандардың жақындарына 2 млн теңге көлемінде көмек берілмек. Бұл туралы өңір әкімдігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов жағдай дереу бақылауға алынғанын, жедел штаб құрылғанын айтты.

"28 адам зардап шекті, 7 адам қаза тапты, оның ішінде кәмелетке толмаған бір адам бар. Барлық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Қаза тапқандардың отбасыларына 2 млн теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек төленеді, ал зардап шеккендерге 1 млн теңгеден беріледі. Әкімдік жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға байланысты барлық мәселені өз мойнына алды", - деді ол.

Еске салайық, төтенше жағдай 26 ақпанда кешкі уақытта болған. Ақмола облысы әкімдігі мәліметінше, 7 адам қаза тапқан, оның бірі - 16 жастағы қыз. 

"Центр плова" дәмханасы жарылған сәт видеоға түсіп қалған.

Кейінгі мәліметке сәйкес 28 адам зардап шеккен, 13 адам ауруханаға жатқызылған, сегізі медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілген. 

Сонымен қатар, Щучинсктегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Куәгер Щучинсктегі трагедияның мән-жайын айтты. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз