Ақмола облысында есірткі өндіретін фитозертхана ұйымдастырған күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Щучинск қаласында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері фитозертхананы әшкереледі.
Жергілікті тұрғын құрамында есірткі бар өсімдіктерді өз пәтерінде өсіруді жоспарлаған. Ол тыйым салынған заттар өндірісін жолға қою үшін интернет арқылы қажетті жабдыққа тапсырыс берген: фитобокстар, шамдар, фитолампалар және басқа заттар.
Өңір тұрғыны қажет тұқымды сатып алып, алғашқы өнімді күткен. Полиция қызметкерлері сұр-жасыл түсті, иісі бар марихуана салынған қорапты тапты.
"Тергеу іс-шаралары кезінде жедел қызметкерлер жабдықты тәркілеп, қылмыстық іс қозғады. Тәркіленген заттардың нақты құрамы мен салмағын анықтау үшін сараптамаға жіберілді", - деп жазылған хабарламада.
Полицейлер 2025 жылдан бастап Қазақстанда есірткі өндіргені үшін жаза өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қатаңдатылғанын еске салады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!