“Сібір жарасының ошағын қазып жатыр“. ШҚО тұрғындары жанайқайын айтты

Шығыс Қазақстан облысы Тұғыл ауылының тұрғындары мыс өндірушілерге шағымданды. Халықтың айтуынша, қазір барлау жүріп жатқан жерде сібір жарасының ошағы болған, оның үстіне табиғат бүлініп жатыр. Massaget.kz тілшісі мәселеге үңілді.

Тұрғындардың шағымы

Ауыл тұрғындарының сөзінше, барлау жұмыстары 2018 жылы басталған. Ал қазба жұмыстары кезінде қазылған шұңқырға мал түсіп кететін жағдайлар да кездесіп жатыр. Тұрғындар топыраққа зиян қоспалар төгіліп жатқанын да айтады.

Тұрғындардың бірі Нәзипа Кешубаеваның айтуынша, Маңырақ ауылының маңында сібір жарасының ошағы болған. Барлаушылардан күтетін басты қауіп те осы. Ауыл тұрғындары қуатты техникалар тап сол орынды қазса, ауа құрамы күрт бұзылатынын айтады.

"Біз жақта қызыл қайың өседі. Ол еліміз бойынша үш-ақ жерде бар. Одан алыс емес аумақта сібір жарасының ошағы орналасқан. Ол қазылса, білесіздер ғой, жағдай бірден қиындайды. Техника тізгіндеген бейтаныс адамдар соның маңын қопарып жатыр. Қара жер қойнауындағы бағалы металға қызыққандар зауыт салуға оқталып отыр", - деді ол.

Тұғылдың тағы бір тұрғыны Архат Амангелдіұлының айтуынша, рекультивация (бүлінген жерді қалпына келтіру - еск.) жасалмай жатқаны туралы әкімдікке бірнеше рет шағымданған.

"Барлау жұмысы басталғалы қаншама аң-құс жан-жаққа қашып жатыр?! Алып техникалар табиғатты жан-жақтан қазып, құртып жатыр. Өзен арналары бұрылды", - деді ол.

Аудан әкімі не дейді?

Ауыл тұрғындары шенеуніктермен жиналыс та өткізген. Тарбағатай әкімі Дархан Жөргекбаев ауылды жандандыруға бағытталған кез келген бастаманы қолдауға дайын екенін, бірақ қоршаған ортаға зиян келіп жатса, құзырлы мекеме өкілдерімен кеңесетінін айтқан. Тұрғындар әкімнен компания езіп жатқан сұйықтық қайда төгіліп жатқанын да сұрапты. 

Аудан әкімдігінің өкілдері Massaget.kz тілшісіне шымкенттік East Copper компаниясы 2019 жылы барлауға кіріскенін мәлімдеді. Бұл жұмыстар 2026 жылға дейін жалғасуы мүмкін.

"Барлау жұмыстарына 9000 гектар жер белгіленген. Бұл учаскеде арқар көптеп мекен ететіні нақты мәлімет емес. Ауданда арқарлардың жиі мекендейтін жерлері - Тарбағатай тау бөктері мен Арғанаты тауы. Тау баурайында, су көздерінің маңайындағы сайда қызыл қайың деп аталатын ағаш өседі. Бұл ағаш түрі өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғауға алған Қызыл кітапқа енген жоқ", - деді аудан әкімінің орынбасары Болатбек Мамарбаев.

Сондай-ақ жауаптылар сібір жарасының ошағына қатысты да пікір білдірді.

"Бұл учаске аумағында 1986 жылы сібір жарасын жұқтырған ірі қара көмілгені рас. Бетіне бетон құйылып, жабылған. Барлық қауіпсіздік шарасы сақталды. Биыл "Тарбағатай-Вет" мекемесі сібір жарасы ошағының сыртынан бетон қабырға қалап, "қауіпті аймақ" белгісін жаңартты. Бұл жерден айналасы 1000 метр аймақта қазба жүргізуге тыйым салынған", - деді Болатбек Мамарбаев.

East Copper компаниясы 2019, 2021 және 2022 жылдары тұрғындармен кездескен. Болатбек Мамарбаевтың айтуынша, округ жұртының көбі зауыт салынуын қаламаған.

Бірақ ресми ақпаратта жауапты тұлғалар қатысқан жиналыста Тұғыл халқының барлау және мыс өңдейтін комбинат құрылысына қарсы болмағаны  жазылған.

"Тұрғындар тек экологияға залал келтірмеуді сұрады. Компания өкілі барлау жұмыстарына арналған 9000 гектар жердің орнына жануарлар дүниесі үшін басқа жер учаскесі берілетінін және барлау-бұрғылау кезінде бұлақтарға, тау ішіндегі жолдарға, өсімдіктерге, аң-құстарға зиян келмейтінін, бұрғылау жұмыстары жүргізілген орындарды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетінін айтты. Ал болашақ кен орнының көлемі әзірше белгісіз", - деп жазылған ресми жауапта.

Әкімдік өкілдері тұғылдықтардың көбі қолдамай тұрған құрылыс басталса, өндіріс ашылса, 2000-ға жуық жұмыс орны ашылатынын да айтады.

"Жұртты алаңдататын мәселелер туындап, наразылық жиілесе, жауапты мамандар, ветеринарлар мен тәуелсіз сарапшылар міндетті түрде шақырылады", - деп жазылған жауапта.

Әкімдік ақпаратына сүйенсек, қазба жұмысы кезінде қоршаған орта мен тұрғындарға ешқандай зиян келмейді. Ал құрылысқа қарсы болған көпшілік Қызыл қайыңды қорғап қалу үшін аянып қалмайтынын жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде балалары су спортымен шұғылданатын ата-аналар шағымданды.

Асыл Бигелді

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз