Қыс жақындаса соғым союға қамданатын қазақ оны союдың ретін, жөнін, қауіпті аурулардан сақтану жолдарын да білгені абзал. Қазір елімізде мал арасында тараған сібір жарасы инфекциясы өршіп тұр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі деректер ұсынды. Ал қауіптің алдын алу үшін нені білу керек? Massaget.kz тілшісі материалда тарқатады.
Сібір жарасы - қауіпті инфекциялық ауру. Оның қоздырғышы Bacillus anthracis деп аталатын бактерия. Бұл бактериялар әдетте топырақта болады және жануарлар арқылы таралады. Әсіресе ірі қара мал, қой, ешкі, жылқы мен түйе арасында кең таралған. Сорақысы - адамдар да осы ауруды жұқтыруы мүмкін. Ол адамға осы инфекцияны жұқтырған жануар арқылы немесе соның өнімін тұтынғанда жұғады.
Сібір жарасының біз білмеген қауіптілігі туралы ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Батырбек Айтжанов айтып берді.
Батырбек Айтжанов
ветеринария ғылымдарының докторы
Оның айтуынша, сібір жарасы біздің заманымызға дейінгі дәуірде болған. Тек қазақ оны басқаша атаған:
"Сібір жарасы - өте күрделі ауру. Осы тақырыпта мен докторлық диссертация қорғаған болатынмын. Қазақта бұл ауруды "топалаң" деп атайды. Оны әр түліктің түріне қарай түрліше атайды. "Қара талақ", "жамандат", "қарасаң", "ақ шелек" деп малға жұққан сібір жарасын айтатын болған. Ал адамға жұққанын ауыртқан жеріне қарай "түйнеме", "күйдіргі" деп атайды. Бұл қазақ тілінің сондай бай екенін және аталмыш ауруды қазақтар өте көп зерттегенін білдіреді", - дейді ол.
"Топалаң" деп аталуында да себеп бар. Оны маман былайша түсіндіріп берді.
"Егер малға дұрыс қарамаса, жөнді күтім болмаса, уақытылы вакцинация егілмесе, ем-дом шаралары жасалмаса, мал топалаң-топалаң етіп, бірінен кейін бірі қырылып қалады. Бұл топалаңмен малдың кез келген түрі ауырады. Ең жаманы - адамдар да ауырады. Адамдарға тері арқылы көп жұғады. Күйік шалған кездегі терінің көлбірегені сияқты болып кетеді. Тіпті қазақтың "күйдіргі келгір" деген қарғыс сөзі де осыдан шыққан делінеді", - дейді Батырбек Айтжанов.
Сібір жарасының қауіптілігі оның алғашқы симптомдары жеңіл болып көрініп, кейін тез ауыр формаға өтіп кетуінде дейді дәрігер. Оның айтуынша, диагнозды ерте анықтап, шара қолданбаса, өлімге әкеп соғуы мүмкін. Сондай-ақ ең сорақысы - оның қоздырғышы топыраққа енсе 150 жылға дейін сақталады.
"Қазақстанда бұл ауру көбіне маусым-шілде айларында көп таралатын. Қазір вакцинацияны кеш егетіндер шығып, қараша айына дейін созылып жатыр. Әсіресе шөп сояуланған уақытта малдың ауыз қуысы жыртылып, аурудың қоздырғышы топырақпен бірге еніп кетеді. Бұл топыраққа сіңетін инфекция. Ең қауіптісі - топалаңның қоздырғышы тіршілігін жоймай, 150 жылға дейін сақталады", - деп түсіндірді дәрігер.
Сондай-ақ дәрігер бұл аурудың малды дұрыс таңдамағанда, дұрыс соймаған жағдайда көп жұғатынын айтты.
"Бұл ауру өзі 97% малдан тарайды. Шет жақтан келген еттер құнарсыз әрі қауіпті болып келеді. Біздің жақтың шөбі шүйгін, жусанның 100-ден астам түрі кездеседі. Әрине, осындай шөпті жеген малдың еті сапалы болады. Сол себепті малдың етін базарлардан сатып алмай, өзіміз сойып жегеніміз дұрыс. Бірақ оны таңдай білу керек", - деп қосты ол.
Батырбек Айтжанов аурудың алғашқы белгілері жануарлар мен адамдарда түрліше байқалатынын айтты. Адамдар арасында тарағаны клиникалық белгілеріне қарай үш түрлі болады дейді ол.
өкпелік форма: бұл ең ауыр түрі, тез дамиды және емделмеген жағдайда өлімге әкелуі мүмкін, тыныс алудың қиындауы, жөтел байқалады;
ішектік форма: азық-түлік немесе су арқылы бактерия жұққан жағдайда дамиды және іштің ауыруы, жүрек айнуы, құсу (кейде қан аралас), қан аралас іш өту байқалады.
Батырбек Айтжанов бұл аурудың бірден-бір алдын алу жолы вакцинация екенін айтты. Оның сөзінше, елімізде үкімет бекіткен 20 шақты мал ауруларына қарсы тегін екпе бар. Алайда жұрт осы дүниенің өзін дұрыс назарға алмайды.
"Сібір жарасынан екпе егу арқылы сақтана аламыз. Малдан тарайтын ауру болғандықтан, оның мезгіл сайын қажетті вакцинациядан өтуін дұрыс қадағалауымыз керек. Вакцинаның сапасына, дұрыс егілуіне мән бермесек, ол бәрібір ауырып қалады", -дейді академик.
Ветеринар "соғым шүйгін болсын" деп етке аса қатты мән беретін әр қазақ оның дұрыс сойылуын білуі керек дейді. Дәрігердің сөзіне сүйенсек, соғымды арнайы ветеринарлық мекемеде мал дәрігерінің нұсқаулығымен сойған дұрыс. Сойылған етті ветеринар қайта тексеріп, мынаны саудаға өткізуге болады деп мөр басқаннан кейін ғана тұтынған жөн. Ал мал таңдауда қаперде ұстау керек мынадай кеңестерді ұсынды.
Сонымен қатар сойылған етті дайын базарлардан алатындарға мал дәрігерінің анықтамасы бар-жоғын тексеріп барып алуды ескертті.
Қоса кетейік, 2024 жылдың басынан бері республика бойынша сібір жарасының расталған 12 жағдайы тіркелді (Жамбыл облысы - 1 жағдай, Алматы - 1 жағдай (Алматы облысының тұрғыны), Алматы облысы - 10 жағдай). Ал денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылы республика бойынша сібір жарасының 37 расталған жағдайы тіркелгенін және оның ішінде біреуі адам өлімімен аяқталғанын хабарлады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!