Сібір жарасы: Үлкен Ақсу ауылында карантин жарияланды

Алматы облысындағы Үлкен Ақсу ауылында карантин жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, 5 қыркүйекте Республикалық ветеринариялық зертхана 2 бас ірі қара мал сынамаларында сібір жарасының болуын растайтын бактериологиялық зерттеулердің нәтижелерін алды.

Үлкен Ақсу ауылында тірі жануарлар мен мал шаруашылығы өнімдерін әкелуге және әкетуге тыйым салынған. Аумақтық ветеринариялық инспекция ЖАО ветеринариялық дәрігерлерімен бірлесіп жануарларды аулалық тексеру, вакцинациялау және жануарлар иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

"Елді мекенге тарату іс-шараларын жүргізу, оның ішінде дезинфекция жүргізу үшін АШМ-нің Республикалық эпизоотияға қарсы отряды көшіріледі, қажетті мамандар мен арнайы техника штаты бар. Ол жерде Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Самат Төлегенов жүр. Қолданыстағы алгоритмге сәйкес барлық қажетті ветеринариялық-санитариялық шаралар өткізіледі және ауыл шаруашылығы министрлігінің ерекше бақылауында болады", - делінген хабарламада.

Еске салайық, Алматы облысының әкімдігі Ұйғыр ауданындағы Сібір жарасына қатысты қандай шаралар қабылданып жатқанын хабарлаған болатын. 

Әкімдік мәліметінше, ветеринария мамандары ауыл шаруашылығы жануарларын қауіпті індеттерден қорғау үшін шараларын жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, Жарық тума учаскесінде мал дәрігерлері 141 бас ірі қараға Сібір жарасына қарсы екпе екті.

Сонымен қатар ветеринарлар инфекция ошағын жою мақсатында 1800 шаршы метр қора-жайды дезинфекциялаған. Залалсыздандыру жұмыстары дезстройлайт препаратының 1 пайыздық ерітіндісімен жүргізілген.

Ал Үлкен ақсу ауылдық округінде ауру жұқтыруы мүмкін 25 ит пен 4 мысық ауланып, тиісті ветеринарлық тексеруден өтті. Бұл шаралар адамдар мен жануарлардың денсаулығын қорғауға бағытталған.

Ветеринария мамандары ауыл тұрғындарын мал ауруларының алдын алу үшін санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді қатаң сақтауға шақырады.

Айта кетейік, 4 қыркүйекте Алматы облысының әкімдігі Сібір жарасына қатысты мәлімдеме жасаған болатын. Әкімдік мәліметінше, Ұйғыр ауданында Сібір жарасына күдікті жағдайлардың анықталуына байланысты ветеринарлық-санитарлық уақытша шектеу шаралары енгізілген.

"Карантин жарияланған жоқ. Инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында мал мен ауыл шаруашылық жануарларынан алынатын өнімдерді экспорттауға шектеу қойылды. Сібір жарасы адамнан адамға жұқпайтындықтан, азаматтардың жүріп-тұруына ешқандай шектеулер қойылған жоқ", - делінген хабарламада.

3 қыркүйекте Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында ірі-қара малынан Сібір жарасы анықталған болатын. Алматы облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдері бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Департамент өкілдері бұл жағдайды растап, 4 адам Сібір жарасын жұқтыруы мүмкін екенін айтты. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!