Сібір жарасы: малдарға вакцина салу жұмыстары аяқталды

Сібір жарасы: малдарға вакцина салу жұмыстары аяқталды
Фото: Midjourney

Сібір жарасының вакцинасына қатысты жұмыстар толығымен аяқталды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы. 

"Бұл тұрақты түрде, жыл сайын атқарылатын жұмыс. Жалпы карантин шаралары кезінде біздің министрлікпен және жергілікті атқарушы органмен шаралар жоспары сақталады. Соның аясында қандай малға, қандай вакцина салу керегі туралы келісімдер жасалады.

Вакциналауға жататын малдарға препараттарды сатып алу республикалық бюджет есебінен атқарылады. Аймақтарға препараттар жеткізіліп, жұмыстар атқарылады. Ол үшін арнайы штаб құрылды. Министрдің өзі карантин жарияланған аймақтарда болып, тексеріп шықты. Зерттеу бойынша малдарға вакцина салу жұмыстары жүргізілді", – дейді Ермек Кенжеханұлы.  

Еске салайық, қыркүйектің басында Алматы облысындағы Үлкен Ақсу ауылында Сібір жарасына байланысты карантин жарияланған болатын. 

Облыс әкімдігінің мәліметінше, 5 қыркүйекте Республикалық ветеринарлық зертхана 2 бас ірі қара мал сынамаларында сібір жарасының болуын растайтын бактериологиялық зерттеулердің нәтижелерін алды.

Үлкен Ақсу ауылында тірі жануарлар мен мал шаруашылығы өнімдерін әкелуге және әкетуге тыйым салынған. Аумақтық ветеринарлық инспекция ЖАО ветеринарлық дәрігерлерімен бірлесіп жануарларды аулалық тексеру, вакциналау және жануарлар иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Әкімдік мәліметінше, ветеринар мамандары ауыл шаруашылығы жануарларын қауіпті індеттерден қорғау үшін шаралар жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, Жарық тума учаскесінде мал дәрігерлері 141 бас ірі қараға Сібір жарасына қарсы екпе екті.

Сонымен қатар ветеринарлар инфекция ошағын жою мақсатында 1800 шаршы метр қора-жайды дезинфекциялаған. Залалсыздандыру жұмыстары дезстройлайт препаратының 1 пайыздық ерітіндісімен жүргізілген.

Ал Үлкен ақсу ауылдық округінде ауру жұқтыруы мүмкін 25 ит пен 4 мысық ауланып, тиісті ветеринарлық тексеруден өтті. Бұл шаралар адамдар мен жануарлардың денсаулығын қорғауға бағытталған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Бақдаулет