"Сазгер Садық көкірек көзі көреген өнерпаз еді"

"Сазгер Садық көкірек көзі көреген өнерпаз еді"

Композитор, Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген әртісі,

Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі

Садық Кәрімбаевтың 105 жылдығына арналады

 

Садық Кәрімбаев. Ж/б.

ҚР ОМА, 1747 қор, 1тіз., 24 іс, 1-п.

Кейде күнделікті өмірде қоғамдық көлікте жүрген кездері қара көзілдірік киіп, қолына жиналмалы жіңішке келген таяқшасын ұстаған адамды кездестіріп қаламыз. Зағип жандардың сіз бен біз сияқты адамдардан айырмашылығы жоқ, тек қана көзінің жанарының көрмейтіндігі ғана. Осындай зағип жандардың бірі, сазгер-композитор, Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген әртісі Кәрімбаев Садық Балқыбекұлының өмірі мен шығармашылығы жөнінде баяндауды жөн көрдік. Осыдан 56 жыл бұрын С.Кәрімбаев өзінің жеке құжаттарын Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіне тапсырды (1967). Садық Кәрімбаев 1918 жылы қарашаның 13 күні Павлодар қаласында дүниеге келген, ата-анасы шаруа адамдары болған. Ол жастайынан Жаяу Мұса, Естай, Майра т.б. халық композиторларын өзіне үлгі тұтқан. Он үш жасқа толған шағында Алматыға көшіп келгеннен соң, ол  баян тартуды үйреніп, көркемөнерпаздарға арналған үйірменің халық олимпиадаларына қатысқан. Зағиптарға арналған мектепте брайльша оқып білім алады. 1936 жылдан Қазақ радиосы комитетінде сырнай-баян тартушы болып қызметке орналасқан [1].

1941 жылдан сазгер-композитор ретінде шығармашылық қызметпен айналыса бастаған. Бұл жайында Облыстық зағиптар мен нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының бөлім меңгерушісі Жібек Баширова "Әншіл жүрек" атты мақаласында: "1935 жылы республикалық байқауда бас бәйгеге ие болып, қазақтың халық әндерін радиоға жазуға және онда қызмет істеу мүмкіндігі туды. С.Кәрімбаев радиодан берілетін жалпы концертті сүйемелдеуші әрі домбырамен халық композиторларының туындыларын орындаушы болып қызмет атқарады" деген [2].

Композитордың көзі тірісінде "15 ән" (1953), "12 ән" (1957), "25 ән" (1972) атты кітаптары жарық көрді. Садық Кәрімбаевтың әндерін Жамал Омарова, Роза Бағланова, Жүсіпбек Елебеков т.б. халық әртістері орындаған. Ол Н.Әлімқұлов, Н.Шәкенов, С.Бегалин т.б. өлеңдеріне арнап әндер жазған. Зағип композитордың көзі көрмесе де, көңілге тоқып шығарған тамаша әндері халық арасында кең таралған. 

                             С. Кәрімбаевтың өмірбаяны.                

                          1951 ж.                                                    

 ҚР ОМА, 1840 қор, 2 тіз., 8 іс, 7-п.        

С. Кәрімбаевтың жеке іс-парағы.

1944 ж.

ҚР ОМА, 1840 қор, 2 тіз., 8 іс, 1-п.

С. Кәрімбаевтың сахнада әндерін шырқағандардың бірі ҚР еңбек сіңірген мұғалім Бақыт Субекқызының айтуынша: "1964 жылы Майқайың кентінде мұғаліммін, үздік класс пен мұғалімдерге Алматыға жолдама берілді. Сонда бізбен кездесуде Садық аға да отбасымен келді. Осы кездесуде Садық ағамен бірге Қ.Бекхожин, Т.Молдағалиев, Қ.Ыдырысов, Қ.Қайсенов, С.Әбусеитов, Д.Әбілев, Қ.Исабеков секілді адамдармен жүздесіп, әңгімелерін тыңдадық. Міне, сол жолы да Садық аға мұғалімдерге  де, оқушыларға да үлкен әсер қалдырған еді. Ал Садық аға сынды халық арасынан шыққан композиторлардың әндерінде тілмен айтып жеткізе алмастай ұлттық сипат бар. Тыңдаушысын еріксіз еліттіріп, сана-сезімін оятып, жүрегін тербейді" деп еске алған [3]. 

Композитордың баян тартып сахнада өнер көрсеткендігі жөнінде Қазақ КСР-ның халық әртісі Римова Бикен Ырымқызының "Еңлікгүлім" атты кітабында: "1938 жылы республикалық олимпиадаға Алматыға келдім. Әуесқой композитор Садық Кәрімбаевтың баянда сүйемелдеуімен ән салдым. Кейінірек, ер жеткен соң, театр бригадасымен гастрольге шыққанымызда С.Кәрімбаевпен қайта кездестім. Арада көп жылдар өтсе де, ұмытпапты. Даусымнан бірден тани кетті. "Сен қыз бұрын да менімен ән салғансың. Сен Бикен емеспісің?" - дегені. Кейін Шақаңа қосылған соң, бірнеше жыл көрші болдық. Бір үйде тұрдық" деп айтылған [4].

Бірқатар әні көпшілікке танылып, шығармашылық жолында біршама жетістіктерге қол жеткізген композиторды 1951 жылы тамыздың 24-күні Қазақстан Композиторлар одағы басқарамасының шешімімен қазақтың белгілі сазгер-композиторы, республикаға танылған көптеген мәнді әндердің авторы, шығармашылық жағынан белсенді С.Кәрімбаевты мүшелікке қабылдау туралы шешім қабылданған [5].

        "Ақ көгершін" атты ән.                              

  Музыкасы: С. Кәрімбаевтікі.                     

                         1952 ж.                                                   

ҚР ОМА, 1747 қор, 1 тіз., 6 іс, 1-п.          

"Ақ көгершін" атты ән.

Музыкасы: С. Кәрімбаевтікі.

1952 ж.

ҚР ОМА, 1747 қор, 1 тіз., 6 іс, 2-п.

С.Кәрімбаевпен бірлесіп шығармашылық байланыста болғандардың бірі жазушы М.Әлімбаевтың өз естелігінде оның болмысы мен келбеті жайында: "Екі беті шешек дағынан бұжыр-бұжыр, екі көзі жұмық, ашаң-арық, орта бойлылау кісі екен. Сол жылы, яғни 1951 жылы Садық не бәрі 33 жастағы жігіт екен. Сәкең сырнайын қолға алды. Құтырындыра сермеп, құйқылжыта бір қайырып өтті. Ән құйқылжып тұр. "Мені шырқа! Мені шырқа! Әуен сазымды әлеуметке тезірек жеткізе көр!" - деп тілеп тұрғандай. Садық аға балдырғандарға да арнап әндер жазатын. Мәселен, мен "Көл туралы ән" деп аталатын жырды өзінің қолқа салуымен шығарғаным есімде. Бүкіл халықтың сүйікті өнерпазы атанған Садықтың небәрі жеті әніне ғана өлең жазған екенмін. Сазгер Садық көкірек көзі көреген өнерпаз еді. Талапшыл, айтқанынан қайтпайтын қайсар, кейде қыңыр, тіпті тентек те сол ағамыздың өзі болатын" деп суреттеген [6].

Композитор туындыларының саны жағынан 150 әні бар, сол әндердің арасынан "Оңтүстікте ақ алтын", "Біздің ән", "Тракторшы қарындас", "Жас мичуриншілер жыры", "Ақ көгершін" деген бес әнін 1953 жылы Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төрағасы Е.Брусиловскиймен бірге жауапты хатшысы К.Қожамьяров Абай Құнанбайұлы атындағы сыйлыққа ұсынған. "Оңтүстікте ақ алтын" атты әні үшін Абай атындағы сыйлық берілді, "Жас мичуриншілер" деген әні конкурста жүлде алған [7].  

Е. Брусиловский және Қ. Қожамьяровтың Комиссия төрағасы Жаймурзинге композитор С. Кәрімбаевтың бес әнін Абай Құнанбайұлы  атындағы сыйлыққа ұсынғандығы туралы хаты. 1953ж.

ҚР ОМА, 1840 қор, 2 тіз., 8 іс, 16-п.

Композитордың шығармашылығы жайында пікірлерге тоқталып өтсек: ҚР мәдениет қайраткері Қ.Мақанов: "Ол кісінің ғажап жері-туындылары өне бойы тұнып тұрған, тап-таза қазақы әуен. Ал қазіргі әндердің қазақтікі екенін сөзінен ғана айыра аласың" десе, әнші Г.Саринаның айтуынша: "Садық аға әндері орындаушыдан ерекше шеберлікті талап етеді. Жай қарабайыр туынды емес" [8].

М.Әлімбаев С.Кәрімбаевтың өз шығармаларын орындау мақсатында көпшілік алдында қойған концерттері туралы: "Садық Кәрімбаев өз бригадасымен өнер көрсетіп аралап өткен ауылдардың кейбіреуіне кейін менің де жолым түскен кездері бар. Жиналған халық талантты әншінің өнеріне тамсанып, қайта-қайта сахнаға шақырғанын, Садық бригадасының концерті көпшілік көңілін қимағандықтан, сыйлағандықтан түннің бір уақытына дейін созылғанын жергілікті  тұрғындар тәнтілікпен, ырзалықпен әңгімелейтін. Ал қазақ теледидарындағылар ұлттық ән өнерімізге осыншама олжа салған сазгер өнер иесінен тұтас бір концерт-фильм жасауы-парыз" деп тамаша ұсыныс жазып қалдырған [9].

1947 жылы С.Кәрімбаев театр өнерінің саласындағы жемісті шығармашылық қызметі үшін Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген әртісі деген құрметті атақпен және 1967 жылы ақпанның 20-күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы С.Ниязбеков және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының хатшысы Б.Рамазанованың Жарлығымен Садық Кәрімбаевты қазақтың халықтық ән өнерін өркендетуде сіңірген еңбегі үшін және елу жасқа толуына орай Құрмет грамотасымен марапатталды [10].

                     "Жас мичуриншілер жыры" атты ән.   

 Музыкасы: С. Кәрімбаевтікі.                    

1952 ж.                                                   

  ҚР ОМА, 1840 қор, 2 тіз., 8іс, 50 п.      

      "Тракторшы қарындас" атты ән.      

Музыкасы: С. Кәрімбаевтікі.

1952 ж.

ҚР ОМА, 1840 қор, 2 тіз., 8іс, 44 п.

Міне, осындай талант иесі 1975 жылы 6 ақпанда Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Садық Кәрімбаев дүниеден өтті.

Қорыта келгенде, Садық ағамыздай тума талант иелерін екінің бірі біле бермейді. Артында қалдырған мұраларын насихаттау арқылы өскелең жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге болады. Елімізде оның ішінде Алматы қаласында Н.Островский атындағы зағиптар және көздері нашар көретін балаларға арналған №4 арнайы мектеп-интернаты, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана сонымен қатар Зағиптар қоғамының бар екені барлығымызға белгілі. Мысалы Германия, Америка, Ұлыбритания т.б. дамыған елдерде мүгедек адамдарға арналған арнайы   жаттығу әдістері арқылы мамандардың көмегімен көмекші иттерді дайындайтын  орталықтар бар. Мұндай орталық Ресейде де бар. Көмекші иттер соқыр немесе көзі нашар көретін адаммен бірге ілесіп жанында жүреді, көшедегі әртүрлі кедергілерден айналып өтеді, бір сөзбен айтқанда нағыз көмекшінің жұмысын атқарады. Осындай орталық біздің елге де аса қажет.

Айналамызда өмір сүріп жатқан мыңнан аса зағип жандар бар. Көзі көрмейтін адамдарға кімдер көмек береді немесе олар жан-жақты өзін қоршаған ортамен қалай танысып, өмірге қалай бейімделеді? Бір сәт көзіңізді жұмып сол адамдардың халін елестетіп кешу мүмкін бе, әрине бізге ол бейтаныс әлем болып табылады. Көздің жанарынан айырылуға аурудың салдары, оқыс оқиғалар т.б. түрлі себептерден болып жатады. Ендігі тілек зағип жандардың көмегін күттірместен өзіміз қол ұшын созғанымыз абзал, қай жерде болсақ та жан-жағымызға зер сала жүрсек, мүмкін жаныңыздан өтіп бара жатқан зағип адамды көшеден өткізуге, қоғамдық көлікте орын беруге тағы басқа да көмек беріп жүрсек деген өтініш... 

Гүлназ Шамқызы,

Қазақстан Республикасы Мәдениет және

спорт министрлігі

Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің

«Орталық мемлекеттік архив» РММ

Жеке тектік архивтермен және тарихи-құжаттық

топтамалармен жұмыс жасау бөлімінің

жоғары деңгейдегі архивисі

Пайдаланған әдебиеттер мен деректер тізімі

1. ҚР ОМА, 1840 қор, 2-тіз., 8 іс, 1-п.қ., 4, 6-7 пп.;

2. Баширова Ж. Әншіл жүрек. //Сарыарқа самалы.- 2003-№37. 5 сәуір, 8-б.

3. Субекқызы Б. Ән әлемінің серкесі еді. //Сарыарқа самалы.- 2003-№23. 27 ақпан, 5-б.

4. Римова Б. "Еңлікгүлім". Алматы: Өнер баспасы, 1987. - 13-14 бб.

5. ҚР ОМА, 1840 қор, 2тіз., 8 іс, 8 п.;

6. Әлімбаев М. Садықтың саз дариясы. //Жалын. -  тұсаукесер дана. 2003. 87-88 бб.

7. ҚР ОМА, 1840 қор, 2тіз., 8 іс, 3, 16 пп.;

8. Алтай. Б. Көзі көрмесе де көкірегі ояу еді... //Айқын. - 2006 - №35. 25 ақпан, 5-б.

9. Әлімбаев М. // "Жалын. - тұсаукесер дана. 2003. 87-88 бб.

10. ҚР ОМА, 1109 қор, 3 тіз., 203 іс, 32-п.; 1109 қор, 3 тіз., 726 іс, 219-п.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы