Сайлауға 7 саяси партия қатысады - ОСК

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) хатшысы Шавхат Өтемісов Қазақстанның жаңа Парламенті - Құрылтайдың алдағы сайлауына партиялық тізімдерді ұсынудың аралық қорытындысын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

13 шілде сағат 18:00-дегі жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген барлық 7 саяси партия ОСК-ға Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізімін ұсынған. Саяси партиялар жалпы 546 кандидат ұсынды.

"Саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдерді тіркеу 23 шілдеде сағат 18:00-де аяқталады", - деді ол.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров партиялық тізімдерді тіркеу кезінде сайлау туралы Конституциялық заңда белгіленген әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін 30 пайыздық квота толық ескерілгенін мәлімдеді.

Сонымен қатар, Үкімет Құрылтай сайлауын өткізуге өз резервінен қаражат бөлген. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) отырысында ОСК мүшесі Михаил Бортник айтты.

Михаил Бортниктің сөзінше, сайлау өткізуге 34,4 миллиард теңге бөлінген, бұл қаражат ел аумағында және шетелде сайлауды ұйымдастыруға жұмсалады.

Айта кетейік, 1 шілдеде Қазақстан ресми түрде "жаңа дәуірге" қадам басты, елде жаңа Конституция күшіне енді. Осы күннен бастап Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылды.

Жаңа Конституцияға сәйкес Қазақстан Парламенті бірпалаталы болып, Құрылтай деп аталады.

Елдің жаңа заң шығарушы органына сайлау жаздың соңында өтеді. Тиісті жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Дауыс беру күні 23 тамызға белгіленді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!