- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сайлауға 1 ай...
Сайлауға 1 ай қалды. Дауыс беруші білуі тиіс маңызды ережелер
Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауына бір ай қалды. Massaget.kz тілшісі дауыс берушінің құқығын, қай жерде дауыс бере алатынын және дауыс беру тәртібін анықтады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңында айтылған.
Кім дауыс бере алады?
Біріншіден, республика азаматтары сайлауға өз еркімен қатысады. Кез келген азаматты сайлауға қатысуға не қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның еркiн бiлдiрудi шектеуге ешкiмнiң құқығы жоқ.
Жалпыға бірдей сайлау құқығына сәйкес, республиканың 18-ге толған азаматы тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген басқа жағдайға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы.
Республика президентiн сайлауда жасырын дауыс берiледi әрi сайлаушылардың еркiн бiлдiруiне қандай да бақылау жасауға жол берiлмейдi.
Қай жерде дауыс береміз?
Кез келген азамат тұрғылықты жерi бойынша тиiстi сайлау учаскесінің тізіміне енгізіледі.
Бірақ...
- Жатақханаларда тұратын, оқу орындарында күндiзгi оқу нысанында оқитындар сайлаушылар тiзiміне жатақхананың орналасқан жерi бойынша енгiзiледi.
- Әскери бөлiмдегi дауыс берушілердің тiзiмi әскер бөлiм командирлерi берген мәлiметтер негiзiнде жасалады.
- Демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiндегі сайлаушылар мекеме басшылары берген деректер негiзiнде тізімге енгізіледі.
- Шетелдегі ҚР өкiлдiктерi жанындағы сайлау учаскелерi бойынша, шетелде тұратын немесе ұзақ мерзiмдi шетелдiк iссапарда жүрген әрi республиканың жарамды паспорты бар барлық азамат енгiзiледi.
- Шетелде қызметтік, іскерлік және туристік сапарда жүрген республика азаматтары учаскелiк сайлау комиссиясына өтініш жазып, сайлаушылар тiзiмiне енгізіледi.
Егер, 20 қарашада тіркелген жеріңіз бойынша сайлау учаскесіне келе алмайтын болсаңыз, бүгіннен қалдырмай, тиісті әкімдікке өтініш беріп, нақты орналасқан жеріңіз бойынша сайлау учаскесінде тіркелуге құқыңыз бар.
Дауыс беру тәртібі
Президенттi сайлау жөнiндегi дауыс беру 20 қарашада жергiлiктi уақытпен сағат 07:00-20:00 жиырмаға дейiн өткiзiледi. Аумақтық сайлау комиссиялары сайлау уақытын өзгертуге құқылы, бірақ ол сағат 06:00-22:00 аралығында өтуге тиіс.
1. Әрбiр сайлаушы өзi дауыс бередi.
2. Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және басқа адам үшiн дауыс беруге болмайды.
3. Жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткеннен кейін сайлаушыға дауыс беруге арналған бюллетень берiледi.
4. Сайлаушы тiзiмге бюллетеньдi алғаны туралы қол қояды.
5. Бюллетеньдi берген комиссия мүшесi бюллетеньге және тізімге өзiнiң қолын қояды.
6. Сайлаушы бюллетеньді жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады.
Сайлау бюллетенiнде барлық тiркелген кандидат пен "Бәріне қарсымын" деген жол болады.
Егер...
Жекелеген сайлаушы қандай да бір себеппен үйінен шыға алмайтын болса, дауыс беру күні сайлау учаскесіне 12:00-ге дейін өтініш жазуы керек. Бұл жағдайда сайлау комиссиясының төрағасы өтiнiш берген сайлаушының тiзiмдегi аты-жөнiнің тұсына тиiс белгi қойып, өтініш берген адамның үйінде тасымалданатын жәшік арқылы дауыс беру жүргізіледі.
Сайлаушылар тізімін тіркелген жеріңіз бойынша тиісті әкімдіктің сайты немесе Call-орталығы арқылы тексеруге болады.
Сондай-ақ, 2022 жылғы 4 қарашадан бастап учаскеңіздегі сайлаушылар тізімінен дерегіңізді тексере аласыз.
Еске салайық, Қазақстан президенттігіне үміткерлерді ұсыну 10 қазанда аяқталды. Орталық сайлау комиссия өкілдері 12 кандидат құжат тапсырғанын айтты. Кейін үш кандидат талапқа сай болмай шыққаны белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек