- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- АҚШ, Ресей президенттері
Сайлаудан кейін Трамп пен Путин сөйлескені туралы ақпарат тарады
АҚШ-тағы президент сайлауында жеңіске жеткен Дональд Трамп өткен аптаның бейсенбісінде Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті деген ақпарат тарады. Мәліметке сүйенсек, екі елдің президенті Украинадағы соғысты талқылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі The Washington Post газетіне сілтеме жасап.
Трамп Путинмен және Зеленскиймен сөйлесті деген ақпарат тарады
Мәліметте Трамп Путинді жағдай одан әрі ушығып кетпеуі үшін шаралар қабылдауға шақырғаны айтылады. Ал 6 қарашада Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен сөйлесті деген ақпарат бар.
Әлемдік БАҚ мәліметіне сүйенсек, Трамп Киевке қолдау көрсететінін айтқан. Трамптың Зеленскиймен әңгімесіне Илон Маск та қосылған. Ол да Starlink спутниктерінің көмегімен Украинаны қолдайтынын айтқан. Дереккөздер мәліметінше, Трамп пен Зеленскийдің әңгімесі шамамен 25 минутқа созылған.
Алайда артынша БАҚ-та Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Трамп пен Путиннің сөйлескенін жоққа шығарғаны туралы ақпарат тарады. Песков бұл жайтты "жалған ақпарат, ойдан шығарылған" деген.
7 қарашада "Валдай" форумында өткен баспасөз мәслихатында Владимир Путин Дональд Трампты АҚШ президенті болып сайлануымен құттықтады. Ол Трампты батыл адам деп атап, қоңырау шалуға қарсы емес екенін жеткізді. Бұған дейін Путин Трамптың сайлаудағы жеңісі туралы пікір білдірмеген еді.
Украинаға қысым жасалуы мүмкін - Bloomberg
Bloomberg Дональд Трамптың АҚШ президенті болып қайта сайлануынан кейін "жеңген" және "ұтылған" әлемдік көшбасшылардың тізімін жасады. Агенттік ақпаратына сүйенсек, Трамптың қайта сайлануынан "жеңіске жеткендер" қатарында Ресей президенті Владимир Путин бар.
Трамп қайта сайланғаннан кейін "жеңілгендер" тізімінде бірінші болып Владимир Зеленский тұр. Bloomberg мәліметтері бойынша Трамп Украинаға көмек көрсетуді тоқтатып, мәселені шешу үшін оған қысым жасауы мүмкін.
Ал сайлау науқаны кезінде Трамп бұл мәселені тез шешуге уәде берді, дегенмен кімнің жағында екенін айтудан бас тартты, сондай-ақ, Вашингтоннан кетіп жатқан ауқымды көмек пакеттерін сынға алды.
Президент сайлауы туралы не белгілі?
Айта кетейік, 2024 жылы 5 қарашада Америка Құрама Штаттарында президент сайлауы өтті. Негізгі кандидаттар республикашылар атынан Дональд Трамп және демократтар атынан Камала Харрис болды. Бұл - елдің 47-ші президенті сайланатын 60-шы президенттік сайлау.
Трамп Вашингтон уақыты бойынша түнгі сағат екіде (Астана бойынша сағат 12:00-де) сайлаудың жеңімпазы деп жарияланды. Ол барлық негізгі штатта жеңіске жетті.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ-тағы алғашқы сайлау учаскелері жабылғаны хабарланды. Кейін Associated Press мынадай статистика келтірді: Трампта 230 дауыс, Харристе 187 дауыс. Мұндай деректерді "Америка дауысы" да келтірді: 230 және 179 дауыс.
Сонымен қатар Трамп негізгі жеті штаттың алтауында көш бастады.
Артынша Дональд Трамп Флоридада жақтастарының алдында сөз сөйлеп, сайлаудағы жеңісін жариялады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттары президентінің сайлауында айқын жеңіске жеткен Дональд Трампқа құттықтау жеделхатын жолдады. Сарапшылар бұл Қазақстан экономикасына қалай әсер ететінін айтты.
Анықтама: Сайлауда америкалықтар жаңа президентті ғана емес, вице-президентті, конгрестің 468 мүшесін, 11 штаттағы губернаторларды, сондай-ақ, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына өкілдерді анықтады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова