Сайлау учаскесінде не істеуге болмайды? Маңызды ескерту жасалды

Азаматтар дауыс беру күні учаскеге барған сәтін естелікке суретке түсіргісі келуі мүмкін. Алайда бұл тұста белгілі бір шектеулер бар. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сайлау учаскелерінде суретке түсуге рұқсат етілген. Дегенмен толтырылған бюллетеньді адам кімге дауыс бергені көрінетіндей етіп суретке түсіруге және мұндай суретті таратуға болмайды.

"Сайлаушының сайлау учаскесінде суретке түсу құқығы шектелмейді. Сайлаушының таңдауы, яғни қай партияға дауыс бергені көрінбейтін болса, дауыс беру жәшігінің жанында немесе бюллетеньді салып жатқан сәтте суретке түсуге болады. Дауыс беру күнінен кейін мұндай материалдарды таратуға қойылған тыйым өз күшін жояды", - деді Ләззат Сүйіндік.

Құрылтай сайлауы

23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент - Құрылтай депутаттарын сайлау өтеді. Бұл - 1991 жылдан бергі оныншы парламенттік сайлау және жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы сайлау.

Сайлауға 7 партия қатысып жатыр. Партиялық тізімдердің сандық құрамы мынадай:

  • "Ақ жол" демократиялық партиясы - 63 кандидат;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 69 кандидат;
  • "Әділет" партиясы (құрамына Amanat партиясы кірген) - 186 кандидат;
  • "Байтақ" Қазақстан жасылдар партиясы - 47 кандидат;
  • Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) - 72 кандидат;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) - 33 кандидат.
  • Respublica партиясы - 76 кандидат.

1 шілдеден бастап Қазақстан ресми түрде "жаңа дәуірге" қадам басты. Елде жаңа Конституция өз күшіне енді.

Конституциялық реформадан кейін Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылды. Енді елде қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай жұмыс істейді. Сайлау қорытындысы бойынша жаңа Парламентке 145 депутат кіреді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!