Қазақстанда 29 қарашада мәслихат депутаттарын сайлау өткен учаскелер жабылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сайлаушылар тізіміне дауыс беру құқығы бар 12 679 459 қазақстандық енгізілген. Бүгін сайлау учаскелерінің басым бөлігінде дауыс беру таңғы сағат 07:00-де басталып, 20:00-де аяқталды. Сайлау комиссиялары бюллетеньдерді санауға кірісті.
Партиялық тізім бойынша сайлауға Қазақстанда тіркелген жеті саяси партия жіберілді:
"Әділет" партиясы, "Ақ жол" демократиялық партиясы, Қазақстан халық партиясы (ҚХП), Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП), "Ауыл" партиясы, "Байтақ" жасылдар партиясы және Respublica партиясы.
Сайлауға бірмандатты округтер бойынша ұсынылған кандидаттар да қатысты. Орталық сайлау комиссиясының бұған дейінгі мәліметінше, бір депутаттық мандатқа үш кандидат таласқан.
Мәслихат депутаттарын сайлауға барлығы 10 971 кандидат тіркелген.
Фото © Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің бұған дейін хабарлауынша, еліміздің 20 өңірінде саяси партиялар 99 партиялық тізім ұсынған. Оған 1 219 адам енген. Партиялық тізімдегі әйелдер мен жастардың жалпы үлесі 43,2 пайызды құрады.
Бұдан бөлек, 3 113 бірмандатты округ бойынша 9 752 кандидат тіркелген.
Айта кетейік, Қазақстанда мәслихат депутаттарын сайлауды өткізуге 35,8 миллиард теңге бөлінген. Бұл туралы бұған дейін Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник хабарлаған еді.
Бөлінген қаражаттың шамамен 70 пайызын сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбекақысына жұмсау жоспарланған. Қалған қаражат сайлауды ұйымдастыруға, соның ішінде кандидаттарды қолдауға бағытталған.
Дауыс санау сағат 20:00-де, сайлау учаскелері жабылғаннан кейін бірден басталады. Сайлау қорытындысы арнайы отырыста жарияланады.
Заңға сәйкес, сайлау қорытындысы дауыс беру күнінен кейін жеті күннен кешіктірілмей, яғни 2026 жылғы 6 желтоқсанға дейін жариялануға тиіс.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!