- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сайлау: Әбдіров жәшіктерге...
Сайлау: Әбдіров жәшіктерге артық бюллетень салып жіберу деректері болғанын мойындады
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Мәжіліс сайлауы кезінде жәшіктерге артық бюллетеньдер салып жіберу деректері болғанын мойындады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Саяси науқан кезінде Қарағанды облысы Саран қаласы Ақтас кентіндегі №279 сайлау учаскесінде әлдекімдердің артық бюллетеньдерді жәшіктерге салып жатқанын айғақтайтын видео жарияланған болатын.
Комиссия төрағасының мәліметінше, бұл іс жан-жақты зерттелген. Аймақтағы прокуратура органдары бұл іспен айналысып, жауапты азаматтарға айыппұл салған.
"Атап айтқанда, комиссия төрағасы мен қоғамдық бірлестіктің бір бақылаушысына айыппұл салынды. Сонымен қатар, комиссия төрағасы дереу жұмыстан шеттетілді", - деді Нұрлан Әбдіров.
Оның сөзінше, осындай құқықбұзушылық Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Іргелі ауылдық округіндегі №455 сайлау учаскесінде де болған. Бұл оқиғадан кейін хатшы мен учаскелік комиссияның мүшесіне айыппұл салынып, олар да жұмыстан қуылды.
Айта кетейік, сайлаудан соң бір мандатты округтер бойынша кандидатурасын ұсынған 370 азаматтың 104-іне сайлау жарнасы қайтарылатын болды. Ал қалған 266 кандидат 5 пайыздан аз дауыс жинаған.
"Сонымен қатар, сайлау жарнасы екі партияға да қайтарылады. Олар - ЖСДП мен Respublica партиясы. Ал "Байтақ" жасылдар партиясы межелі дауысты жинай алмады. Қалған партиялар Конституциялық заңның 88-бабына сәйкес, сайлау жарнасын енгізбеді. Өйткені олар бұрын Мәжіліс сайлауына қатысқан және 5 немесе одан да көп пайыз дауыс жинаған. Сондықтан олар сайлау жарнасын төлемейді", - деп түсіндірді ОСК мүшесі Сәбила Мұстафин.
Бір мандатты округтер бойынша Парламент Мәжілісінің мандатына үміткерлер 1 миллион теңгеден аса сайлау жарнасын төледі.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек