Орталық сайлау комиссиясы Хайрулла Ғабжалиловті, Талғат Ерғалиевті және Фатима Бизакованы Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулы шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров кандидаттар "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңында оған қойылатын талаптарға сай емес екенін айтты.
Талғат Ерғалиев "Қазақстан Құрылысшылар одағы" Республикалық заңды тұлғалар бірлестігінен президенттікке кандидат ретінде ұсынылған болатын.
ОСК мүшесі Мұхтар Ерманның айтуынша, Ерғалиевтің мемлекеттік қызметте 3 жыл 4 ай жұмыс өтілі бар, ал заң бойынша еңбек өтілі кемінде 5 жыл болуы тиіс. Сонымен қатар, "Қазақстан Құрылысшылар одағы" "Сайлау туралы" Конституциялық заңның 55-бабы 1-тармағының ережелеріне сай емес.
"Құрылысшылар одағы - бұл заңды тұлғалардың бірлестігі. Ал ұсынуға республикалық қоғамдық бірлестік құқылы. Бұл әртүрлі нысандар", - деп түсіндірді Әділет министрлігінің тіркеу қызметі және заң қызметтерін көрсету департаментінің директоры Алан Тіленчиев.
Хайрулла Ғабжалиловті "Асар" оралмандар бірлестігі" республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған болатын.
ОСК өкілдері президенттікке кандидат Қазақстан азаматы болуы тиіс екенін атап өтті, ал Ғабжалилов - қандас және Қарақалпақстанда дүниеге келген.
Фатима Бизакова "Практикалық психология" республикалық қоғамдық бірлестігінен президенттікке кандидат болып ұсынылды.
ОСК мәліметтері бойынша, Бизакованың мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымдарда жұмыс тәжірибесі жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!