31 мамырда Қазақстанда Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып өтті. Осы күнге орай бәрімізге белгілі қоғам қайраткері, сондай-ақ қазіргі таңда өзекті тақырыптарды көтеріп жүрген Есен Елеукен Қарағанды облысы Долинка кентіндегі КарЛаг лагерінде этнограф-тарихшы ғалымдармен бірге сорақы ашаршылық пен жазықсыз құрбандардың ауыр тағдыры мен өмірін еске алып, ашылмаған құпиялардың әлі бар екендігін көрсететін "Ашаршылық әдейі жасалған ба?" деп аталатын алғаш рет тарихи деректі фильмін түсірді.
Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға шақырып, тоталитаризмнің қырғыны халқымызға орасан зор қасірет әкелгендігін айтты.
"Азалы күндерден сабақ алып, мұндай нәубеттің келешекте қайталануына жол бермеу - баршамызға ортақ парыз. Біз ауыр сынаққа төтеп берген, ұлт бірлігін сақтап қалған және асыл қасиеттерін жоғалтпаған ата-бабамыздың үмітін ақтауымыз қажет", - деді өз сөзінде Мемлекет басшысы.
Елімізде осы тақырыпты көтеріп, зерттеп жүрген біршама ғалымдар мен қоғам белсенділері бар. Дегенмен бұл тақырып әлі де зерделеуді қажет ететіні баршамызға мәлім. Осы ретте әлеуметтік желіде Есен Елеукеннің тарих беттерін көтерген алғашқы фильмі жарық көрді.
Аталған деректі фильмнің түсіріліміне еліміздегі белгілі зерттеуші-тарихшылар қатысты. Атап айтсақ, әкесі қос репрессияның құрбаны болған тарихшы Жамбыл Артықбаев, 2020 жылғы ҚР Президенті саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау қажеттігі жөніндегі жарлығы бойынша құрылған арнайы комиссияның мүшелері Темірғали Аршабеков, Зәуреш Ғалымжанқызы, сондай-ақ, этнограф-ғалым Төрехан Майбас болды.
Жамбыл Артықбаев өз әкесі Омар Артықбаевты еске алып, азапты күндердің бейнесін күрсіне баяндап берді. Қиыншылық уақытта Артықбаевтар әулеті 1930-шы жылдардың аштығын бастан кешіріп, Сібірге қоныс аударған. Сол кездегі жағдайдың ауыртпашылығы кімнің болмасын қабырғасын қайыстырады дейді. Сондықтан өскелең ұрпақ сол қиын заманнан тағылым алып, қазіргі тәуелсіздігімізді бағалауға шақырды.
"Менің әкем екі рет репрессияға ұшыраған. Ол кез өте қиын болды. Қазақтарды Сібірге аттандырып жіберді. Қаншама адам өлді көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Бүкіл кеңес адамдары зардап шекті десе болады. Кеңес өкіметінің саясаты қазақтарға ғана қарсы болды деп айта алмаймын. Сондықтан қазіргі жастар бейбіт заманның қадірін түсіну керек", - деді Жамбыл Артықбаев.
Тарих ғылымдарының профессоры Зәуреш Ғалымжанқызы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жарты ғасыр бойы жүзеге асырылып келетіндігін айтады. Ол ГУЛАГ лагеріндегі қазақстандық тұтқындарды оңалту бойынша үш жыл бойы белсенді түрде зерттеп келетіндігін айтады.
"Қазақстанда бұл мәселемен толыққанды ешкім айналыспаған. Бұл өте қиын тақырып. Үлкен аспектілер бірінші кезекте толық ақтаумен, құпия құжаттармен байланысты. Егер Ресейде архивтік құжаттар 90-шы жылдары басталса, бізде қазір архивтік революция жүріп жатыр. Ондаған емес жүздеген құпия құжаттар тексеріліп, жабық архивтер қазір ашылып жатыр. Екіншіден, ведомстволық және кәсіподақтық бағыну болғандықтан, Алматыдағы орталық мемлекеттік архивке немесе ҚР Президенттік архивіне барып жүйеленген мәліметтер табу мүмкін емес. Олар облыстар бойынша бөлінген. Осы уақытқа дейін Қарағанды облысында 7 лагерь болған. Кейбір лагерлер 3-4 ай ғана өмір сүрген. Зерттеу бойынша осы КарЛаг лагерінен 1 миллионға жуық адам өткен", - дейді.
Зәуреш Ғалымжанқызының айтуынша, КарЛаг-та қылмыстық және саяси тұтқындар болған. Оларды көбінесе 58-59-шы баптар бойынша қамауға алған.
"Осы баптар бойынша сотталғандар саяси қуғын-сүргін құрбандары. Қазіргі мәселе - осы адамдарды ақтау. Бұл өте ұзақ процесс, себебі кеңес өкіметі 70 жыл бойы өмір сүрді. Комиссияның жұмыс жасап жатқанына 3 жыл ғана өтті, бұл мәселені көтеріп, толық зерттеу үшін әлі көп жылдар қажет. Бұл бірнеше жылдың ішінде шешіле салатын мәселе емес. Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, қорқынышты тоталитарлық жүйенің адамдарды жою, оның ішінде қазақтарды жоюын анықтау үлкен процесс. Бұндай жұмыстарды асығыс істеуге болмайды. Менің ойымша, бұл мәселемен тек тарихшылар емес журналистер де, заңгерлер де, тіпті барлық халық атсалысуы керек. Қоғамның қатысуынсыз, жастардың қызығушылық танытпауынсыз демократиялық мемлекет құру мүмкін емес деп ойлаймын. Біз артқа қарай авторитарлы, тоталитарлық кезеңге шегіне береміз", - дейді ғалым.
Ал тарихшы Темірғали Аршабеков кеңес өкіметі кезінде 1989-90 жылдары жаппай құрбандарды ақтау жүріп жатқанмен, қазақтар көп ақталмады дейді.
"Көбінесе ұрпақтары іздеп келгендерді ақтады. Неміс, орыс, украин ұрпақтары прокуратураға ақтап алу жөнінде жеке хаттар жолдаған. Олардың қатарында қазақтар болған жоқ. Қазіргі кезеңде барлық құрбандарды жаппай ақтау туралы мәселе тұр. Себебі 58-бап бойынша еш негізсіз сотталғандар болған. Оларды өте қиын тәртіппен жазалаған. Оларға тіпті отыруға рұқсат бермеген. Ашаршылық жылдары неше күн бойы тамақ жемеген тұтқындар, өлген малдардың етін жеп теңкейіп құлап жатқан. Сол кезде олар түрлі эпидемиялық аурулармен ауырды. Әлі ашылмаған құпия істер жетерлік. Ол болашақтың еншісінде", - дейді зерттеуші.
Сондай-ақ, неше жыл бойы зерттеу жұмыстарын жазып жүрген Төрехан Майбас қазақтар әлі қорқынышпен өмір сүреді дейді. Біз әлі саяси репрессияның тұтқынынан толық шыға алмай жүрміз дегенді алға тартады.
"Біздің өміріміздің бәрі жартыкеш. Тіліміздің өзі әлі толық қолданылып отырған жоқ. Тарих бетінде қалған осынау қаралы жылдар - халық жадынан ешқашан өшпейтін қасіреттің таңбасы, тұтастай ұлттың трагедиясы болып қала береді. Бастысы болған трагедияны қайталамау, оны қайта болдырмауға барымызды салуымыз керек. Өмірден жіберген қателікті екінші рет болдырмауға тырысқандай тарих арқылы сабақ алып, халықтың басына қара бұлт үйірілмейтіндей әрекет жасауымыз керек", - дейді этнограф-ғалым.
Расымен, саясаттың ойыны қаншама адамды зардап шектірді. Салдарынан қуғынға ұшырап, күйе жағылып, қара тізімге де енгендер көп болған. Алайда ақиқаттың ашылар уақыты мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының толық ақталар сәті болашақтың еншісінде. Оған сіз бен біз болып жұмылып атсалысуымыз керек. Бұл жөнінде толық Yestipodkast каналынан сілтеме арқылы көре аласыздар: https://www.youtube.com/watch?v=BTHzEhUTLk0
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!