Ақтауда Қасым мен Жомарт есімді егіз бала тұрады. Олар Президент Тоқаев сияқты мамырда дүниеге келген, - деп хабарлайды 24.kz.
Қасым мен Жомарт 2009 жылы Ақтауда дүниеге келген. Білімге зерек егіз №11 мамандандырылған физика-математикалық лицейдің 8-сыныбында оқиды. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Екеуі де болашақта дипломат болуды армандайды. Қазір сүйікті пәндері - математика және көркем әдебиет. Сабақтан бос уақытында бокс үйірмесіне барады. Оқуға зерек егіздер түрлі білім сайысына қатысып, жүлделі орын алған.
"Менің бауырым Жомарттың айтуынша, біздің арманымыз бір. Біз өскенде саясаткер болғымыз келеді. Сол арманымызға жету үшін, әрине, көп оқуымыз керек. Арманымызға жетеміз деген ойдамын", - дейді Қасым.
Қос ұлға есімді президент Тоқаев сияқты саясаткер болсын деген тілекпен Түркістандағы әжесі қойған.
"Мемлекет басшысы теледидардан сөйлесе, дереу отыра қалып сөзін тыңдайды", - дейді әкесі.
Ұстаздарының айтуынша, егіз атына заты сай. Үнемі ізденісте жүреді. Болашақта қытай, француз тілдерін үйренуді мақсат қойған.
"Былтыр Дубайға барып келді. Сол жақтан ағылшын тілінен жарысқа қатысты. Еліне пайдасы тиетін азамат болып өсуіне анасымен бірге тәрбиелеп, атсалысып жатырмыз", - дейді егіздің әкесі Ерлан Мәуленов.
Ақтаулық егіз - үйдің үлкені. Олардан кейін Іңкәр және Кәусар есімді қыздар өсіп келеді. Қасым мен Жомарттың асыл арманы - ел Президентімен кездесіп, еркін сұхбат құру.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!